Тәртіп бұзған адамды атып өлтірген полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр - Қарағанды облысы

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Қарқаралы қаласында полицей табельдік қаруымен ер адамды атып өлтірді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» тілшісі.

Тәртіп бұзған адамды атып өлтірген полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр - Қарағанды облысы

Оқиға 24 сәуір күні, таңғы сағат 4:00-де Қарқаралыдағы «Тамаша» мейрамханасы маңында болған.
«Қарқаралы ауданы ІІБ жол-патрульдік полициясы взводы өз қызметін атқару барысында мас бес адам арнайы көлікті тоқтатып, полицейлерді балағаттап, күш қолдануға дейін барған. Олар полицейлердің бұзақылықты тоқтату туралы заңды талабына бағынбаған. Заңға қайшы әрекеттің жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлері ауаға, сосын жерге оқ атып, ескерту жасаған. Алдын ала ақпарат бойынша, жерге атылған оқ оқиға орнындағылардың бірін жаралаған», - деп түсіндірді мән-жайды ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Оның айтуынша, ІІБ қосымша күшімен күдіктілер полиция бөліміне жеткізілген. Ал, жараланған адам ауруханаға жеткізілді. Беліне оқ тиген 28 жастағы ер адам онда қайтыс болған.
«Аталған факті ҚР ҚК 380-бабы 1-бөліміне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу тізіліміне тіркелді. Прокуратура қызметкерлері қару қолданудың негізділігін тексеруде. ІІД жеке қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп жатыр», - деді ведомство баспасөз қызметінің басшысы.