Тәртіптік кеңес екі бірдей лауазымды қызметкерді қызметінен босату туралы ұсыныс жасады
Отырыста алдымен Орал қаласы білім беру бөлімі бастығының орынбасары Венера Иманғалиева, әкімшілік бөлімінің меңгерушісі Елена Силантьева, №41, №3 және №15 балабақша директорлары Ақжүніс Бақтиярова, Ольга Канашкина, Әлима Сәулебаева, №17, №44, №12 және №19 орта мектеп директорлары Тамара Рудич, Ақжарқын Темірханова, Наталья Ерғожиева, Алтын Жұмағалиеваның істері талқыға түсті. Орал қаласы прокуратурасы БҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясы мамандарымен бірлесіп тексерген кезде қалалық білім беру бөлімінде мемлекеттік сатып алуды өткізуде көптеген заңбұзушылықтар анықталған. Мәселен, жекелеген өнім жеткізушілерге артықшық көрсетілсе, бірқатары байқауға негізсіз жіберілмеген. Сондай-ақ біліктілік талаптарына сай келмесе де, кейбіреулері конкурсқа жіберілген. Конкурстық комиссия құрамын белгілеуде де заңбұзушылықтар орын алған. Және мұндай «кемшіліктер» бірді-екілі емес, жүйелі сипат алған. Соның салдарынан БҚО бойынша қаржылық бақылау инспекциясының талапарызына сәйкес конкурстық комиссия шешімдері, білім беру ұйымдары мен өнім жеткізуші арасында жасалған келісімдер сот шешімімен заңсыз деп танылып отыр. Сол себепті аталған қызметкерлердің істері алғаш рет қаралып отырғанына қарамастан, тәртіптік кеңес мүшелері мемлекеттік сатып алу жөніндегі комиссия төрайымы Венера Иманғалиева мен оның орынбасары Елена Силантьеваны (мамандығы - заңгер) атқаратын қызметінен босату туралы ұсыныс жасауды ұйғарды. Осы орайда тәртіптік кеңес отырысына келген комиссия мүшелері, балабақша мен мектептер басшылары заңға жүйрік еместігін алға тартты. Бұл, әрине, оларды жауапкершіліктен босатпайды. Дегенмен тәртіптік кеңес оларға бұдан бұрын берілген тәртіптік жазалармен шектелуді жөн көрді.
Мемлекеттік сатып алуда сүрінген тағы бір білім мекемесінің басшысы, Қазталов аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі Талғат Төлеуішевке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілетін болды. Осыған ұқсас себеппен «аузы күйген» Орал қаласындағы №6 орта мектеп директоры Александр Мозжухиннің үлесіне ескерту тиді.
Қызмет бабында салғырттыққа жол берген БҚО бойынша кедендік бақылау департаментінің бас маманы Сағи Садықов пен «Тасқала» кеден бекетінің маманы Ерлан Ерғаринге Ар-намыс кодексіне сәйкес сөгіс, Теректі ауданы бойынша салық басқармасының бөлім бастығы Мұхит Кенжеғұлов пен жетекші маманы Марат Қайырбаевқа ескерту беру ұсынылды. Ал Орал қаласы бойынша салық басқармасының бас маманы Жандос Нығметовтің ісі мәні бойынша шешім қабылдау үшін салық департаменті басшысына жолданды.