08:30, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Тәртіптік кеңес қараған істердің 90 пайызы басшылық қызметтегілерге қатысты ? Алматы облысы
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысында Тәртіптік кеңес қараған 142 істің 124-і, яғни 90 пайыздан астамы басшылық буындағы саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің теріс қылықтарына байланысты болып отыр.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Алматы облысы бойынша Тәртіптік кеңесінде мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Атап айтқанда, Ұйғыр ауданының әкімі, Көксу, Кербұлақ аудандары әкімдерінің орынбасарлары, Панфилов, Алакөл, Балқаш, Ұйғыр аудандары мен Текелі қаласы аппараттарының жетекшілері, Алматы облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, «Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығының алаптық инспекциясы» басқармасының бастығы, «Сарқанд орман шаруашылығы» басқармасының директоры түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр.Тәртіптік кеңес сондай-ақ Ұйғыр ауданындағы Шонжы селолық округінің әкімін қызметінен босатуға кеңес берді. Жүргізілген тексерулер барысында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 2580 факті анықталған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1 450 фактіге көп.