Тәртіптік кеңес қарамағындағыларға тіл тигізгені үшін Қарағанды облысы Саран қаласы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруға кеңес берді

ҚАРАҒАНДЫ. 28 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы бойынша ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Тәртіптік кеңес департаментінің отырысында Саран қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Беделбаеваға қатысты тәртіптік іс қаралды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Тәртіптік кеңес қарамағындағыларға тіл тигізгені үшін Қарағанды облысы Саран қаласы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруға кеңес берді

«Департаментке мемлекеттік мекемелердің бірінің басшысынан Саран қаласы әкімінің орынбасары Г. Беделбаеваға қатысты арыз келіп түсті. Арызда отырыстарда әкімнің орынбасары дөрекі сөйлеп, тіл тигізеді, сондай-ақ, қарамағындағы мемлекеттік қызметкерлерге қатысты нормадан тыс лексиканы қолданады деп айтылған», - деді тәртіптік кеңестің баспасөз хатшысы Думан Әбілев.

Арызбен бірге Г. Беделбаева өткізген кейбір отырыстардың аудиожазбасы да берілген.

Тәртіптік кеңес мүшелері әкімнің орынбасары ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін бұзды деген қорытындыға келген.

«Тәртіптік кеңес мүшелері бірауыздан Г. Беделбаеваны мемлекеттік қызметтен шығаруға кеңес берді», - деп хабарлады баспасөз хатшысы.

Ал Саран қаласы әкімінің орынбасары өзі кінәсін мойындамай, шағымда көрсетілген фактілерді толығымен жоққа шығарды.

43 жастағы Г. Беделбаева Саран қаласы әкімінің орынбасары қызметін 2010 жылдың шілде айынан бастап атқарған. Ішкі саясат және әлеуметтік сала мәселелеріне жетекшілік еткен.