09:12, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Тәртіптің тізгіні босаңсымауы тиіс
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Қызылорда облысындағы Тәртіптік кеңесінің көшпелі отырысы өтіп, онда бірнеше мәселе қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Кеңесте алдымен аймақ халқына медициналық қызмет көрсету сапасы мен денсаулық сақтау саласының жай-күйі талқыға түсті. Өткен жылдың соңына қарай қарай Елбасының қатысуымен Шымкентте өткен кеңесте саладағы орын алып отырған кемшіліктер қатаң сынға алынған болатын. Содан бері Тәртіптік кеңестерге денсаулық сақтау жүйесіндегі заңбұзушылықтар бойынша кінәлілердің жауапкершіліктерін кеңес отырыстарында қарау міндеттелген. Орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан денсаулық саласына айтарлықтай назар аударылып, бірқатар оңды істер жүзеге асырылып отыр. Дегенмен, емдеу мекемелері басшыларының заң бұзушылыққа жол беруі тыйылмауда. Атап айтқанда, өткен жылы №6 қалалық емханада жүрек, асқазан ауруларымен ауыратын азаматтарға тегін және жеңілдікпен дәрі-дәрмек босату наурыз айының соңында басталса, темір тапшылығы анемиясына шалдыққандар тиісті дәрілерді сәуірде бір-ақ алған. Денсаулық сақтау басқармасы нарықтағы құны 25-30 теңгеден аспайтын "Бицилин-3" дәрісін "Чингиз" ЖШС-нен 280 теңгеден сатып алған. Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің иммунологиялық, эпидемиологиялық, оториноларингологиялық, массаж, диетология, жалпы терапия және Тасбөгет қыстағында орналасқан №4 бөлімдерінің медициналық және дәрігерлік қызмет түрлерін көрсетуге лицензиясы жоқ. Прокуратура органдары өткен жыл ішінде денсаулық сақтау саласындағы лауазымды тұлғалар мен қызметкерге қатысты 66 әкімшілік іс қозғаған. Тәртіптік жазаға 149, материалдық жауапкершілікке 31 адам тартылған. Кеңес отырысында дәрігерлердің салғырттығынан соңы өліммен аяқталған жағдайларға да талдау жасалды. Облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті денсаулық сақтау саласындағы сыбайластық әрекеттер бойынша 18 қылмыстық іс қозғаған. Мәселен, Сырдария аудандық кеңес беру диагностикалық емханасының бұрынғы бас дәрігері А.Жәкеев дәрігерлерге негізсіз табель толтырып, ол қаржыны өз пайдасына жаратқан. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Баймаханов медициналық қызмет сапасы ең алдымен білікті мамандар мен мықты материалдық базаға тәуелді екенін айтты. Дәрігер-мамандардың жетіспеушілігі бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Салада көп жылдық тәжірибесі бар зейнеткерлер жұмыс істейді. Жасыратыны жоқ, кейіннен келген жас мамандардың біліктілігі төмен. Қыруар қаржыға алынғанымен, тілін білетін маман жоқтығынан халық игілігіне жарамай тұрған құрал-жабдықтар бар. Жапон грантымен алынған жабдықтардың өзі моральдық жағынан ескірді. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді тетігі табылмай отыр. Бүгінде өмірлік маңызы бар дәрілер тізбесі 750-ге жетті. Басқарма басшысы кеңес мүшелері тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп, атап көрсетілген кемшіліктерді жөндеуде пәрменді шараларды қолға алатынын айтты. Кеңес отырысында Жаңақорған аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы Әбдімәлік Әмзенің заң бұзушылығына қатысты материал талқыланды. Бөлім бастығы қызметтік көліктер сатып алу барысында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол берген. Ол орташа бағасы 1,5000,0 мың теңгені құрайтын "Мерседес Бенц 230 Е" көлігін жеке кәсіпкерден 2100,0 мың теңгеге сатып алған. Сонымен қатар "Шевролет Каптива" көлігін сатып алуда да осындай қателіктер жасаған. Кеңес мүшелері бұл іске қатысты құжаттарды толыққанды зерттеу үшін Жаңақорған аудандық қаржы полициясына қайтаруды ұйғарды. Тәртіптік кеңестің қарауына Қазалы ауданындағы №17 мектеп директоры Марат Құдайбергеннің ісіне қатысты материал түскен. Сенім телефонына хабарласқандар мектеп директорының қарамағындағы мұғалімдерге негізсіз ақша жинатқанын айтып арызданған. "Аудандық білім бөлімінен тексеру келе жатыр" деген желеумен жиналған қаржы бүгінде мұғалімдерге толық қайтарылды. Директор қатаң сөгіс алды.
Мемлекеттік қызметкерге қойылатын белгілі бір талаптар, Ар-намыс кодексі бар. Бірақ, Сырдария ауданы бойынша салық департаментінің бастығы Ерсін Орынбаев бұл қағидаттарды қаперінде сақтамай, әйелінің иелігіндегі "Жұмбақтас" кешенімен көрші орналасқан үй иесімен керіскен. Іс соңы насырға шауып, сотқа дейін барған. Күнделікті күйбең тірлікке қатысты кішкентай мәселе осынша асқынған. Мән-жайды талқылаған кеңес мүшелері мемлекеттік қызметкерге жат қылықтар жасаған Е.Орынбаевтың әрекеттеріне баға беру үшін істі облыс бойынша салық департаментіне жолдауды жөн деп тапты.
Тәртіптік кеңес отырысында "Сырдариятеміржолсервис" МКК-ның бастығы Нұржан Алдамжаровтың заң бұзушылық әрекеттері талқыға түсті. Кәсіпорын 2005-2007 жылдардың қаржылық-шаруашылық жұмыстарын шығынмен аяқтаса, 2008 қорытындысымен бұл шығын 2,3 млн. теңгеге жеткен. Осыған қарамастан, мереке күндері сыйақы төленген. Зейнетақы қорына уақытылы ақша аудырылмай, шығындар негізсіз көбейтілген. Өзі басқаратын мекемедегі моральдық-психологиялық ахуалды ауырлатып, арыз-шағымдардың өршуіне жол берген. Арыздарды тексеруге кезінде тиісті құжаттарды ұсынбай, қарсылық білдірген. Н.Алдамжаров тарапынан қысым көрген бірнеше вокзал бастықтары "Нұр Отан" ХДП облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңеске де арызданған. Алайда, мекеме басшысы арызданушыларға одан әрі қысым көрсеткен. Отырыста өзінің әрекеттерінің дұрыстығын дәлелдемек болған Н.Алдамжаровтың мәселесін шешуді кеңес мүшелері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жүктеді. Күн тәртібіндегі тәртіптік істерді талқылап болған соң, Тәртіптік кеңестің алғашқы жартыжылдыққа арналған жұмыс жоспары бекітілді.