Ташиев: Жемқорлықпен күресте туыстарым мен достарыма жеккөрінішті болдым
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Камчыбек Ташиев сыбайлас жемқорлықпен күрестің жеке өміріне де әсер еткенін айтты. Бұл туралы ол Region телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kabar.
Ташиевтің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді әрекеттері оның маңайындағы адамдардың едәуір наразылығын тудырған.
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес – мемлекет пен болашақ ұрпақ үшін маңызды. Бірақ бұл әрекетім көптеген азаматтардың, соның ішінде парақорлыққа қатысы бар туыстарымның да көңілінен шықпады. Мемлекетке активтерді қайтарғандардың арасында бұрынғы достарым, туыстарым, әріптестерім және достарымның жақындары бар. Бұл бізге ауыр тиді. Осы қызметке келгеннен кейін достарым мен туыстарымның 70 пайызынан айырылдым. Мен оларға биік лауазымым үшін емес, өз жұмысымның салдарынан бармайтын болдым», – деді ол.
ҰҚМК басшысы сұхбатында бірнеше жақын туысына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілгенін де айтты.
«Менің бір құдасым 2020-2023 жылдары жасаған қылмыстары үшін қазір тергеу изоляторында отыр. Туыстарымнан кімдер келмеді босатуды сұрап. Бірақ барлығына бас тарттым. Ол қамауда қалуы тиіс, жазасын өтеуі керек. Әйтпесе маған ешкім сенбейді. Марқұм ағамның ұлы бір жол-полицейін балағаттағаны үшін ұсталды. Егер оны жазаламасақ, басқа біреуі прокурорды, тағы бірі әкімді балағаттауы мүмкін. Бұл қоғамда тәртіпсіздікке апарады. Осы үшін мені туыстарым жек көретін жағдайлар да болды. Бірақ мен не істей аламын? Мен үшін ең маңыздысы – мемлекеттегі тәртіп. Егер принципсіз болсам, ҰҚМК-ны басқаруға моральдық құқығым болмайды», – деп атап өтті Камчыбек Ташиев.
Айта кетейік, Қырғызстан Конституциялық соты өлім жазасын енгізу туралы президент бастамасын қарастырады.