10:00, 01 Қыркүйек 2009 | GMT +5
Ташкентте Өзбекстанның Тәуелсіздік күні тамаша концертпен атап өтілді
ТАШКЕНТ. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Жексенбі күні кешке Ташкентте Әлішер Науаи атындағы Ұлттық саябақтың сахна алаңында Өзбекстанның Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты шара өтті.
Шараны ашқан Өзбекстан Президенті Ислам Кәрімов жиналған қауымды атаулы мерекемен құттықтады. Мерекелік жолдау ел халқына, сондай-ақ серіктес елдерге де арналды.
Одан кейін өзбекстандықтардың тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерін паш еткен театрландырылған қойылым болды. Өз кезектерінде республиканың барлық аймақтары қонақтарға концерттік бағдарламалар ұсынды.
Кеш мерекелік отшашумен аяқталды. Мерекелік салтанаттар бүгін, қыркүйектің 1-і күні «Өзбекстан» Халықаралық форумдар сарайында жалғасын табады. Онда Ташкенттің 2200 жылдық мерейтойына арналған концерт болады. Сондай-ақ, қалалық саябақтарда музыкалық думандар мен басқа да шаралар өтеді.