Тасқын судан халық қалай құтқарылды — Мамандар телемарафонда сұхбат берді

АСТАНА. KAZINFORM — Су тасқынындағы ел бірлігіне арналған «Біз біргеміз» телемарафоны Jibek Joly арнасында жалғасып жатыр. Онда тасқын басталғанда көмекке бірінші болып жеткен құтқарушылар мен тәртіп сақшылары сұхбат беруде.

тасқынмен күрес
Фото: видеодан алынған кадр

Айтып келмеген апатта ел-жұрттың аман қалуына асыққан азаматтар құтқару жұмыстарына белсене кірісті. Апатпен алғашқылардың бірі болып арпалысқан ерлер мен еріктілер жетерлік. Соның бірі Ақмола облысы Астрахан аудандық ТЖ бөлімінің бастығы Аят Сералиев 32 адамды құтқарып қалған. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

«Құтқарушылар жасағы тасқын басталғалы күндіз-түні қызметте жүр. Қауіп аяқ астында тұрғанда ойлануға уақыт жоқ. Старый Колутон ауылында біздің жасақ үй-үйді аралап, қалып кеткен тұрғындарды іздеп жүрген. Мен кірген үйде науқас адамның дауысы естілді. Әріптестерімді шақыруға уақыт болмады. Бірақ менің тұрғынды алып шыққанымды көрген соң өзгелері де келіп көмектесті», — дейді А. Сералиев арна тілшісіне берген сұхбатында. 

Ағын суды құрықтау үшін құтқарушылармен қатар тәртіп сақшылары да күш салды. Петропавлдық тәртіп сақшылары екі адамды ажалдан арашалап қалды. Оқиға Петропавл қаласының шетіндегі «Былғары зауыты» ауданында болған. Есіл өзені арнасынан асып, айналаға жайылған кезде мұздай суға құлап, жағаға жете алмай жатқан ағайынды екеуді полиция байқап, жол талғамайтын көлікпен дереу жеткен. 

«Судың ағысы қатты болды. Оқиға орнына жеткенде бір адам тіпті құлап, суға тұншығып жатты. Еш ойланбастан мұздай суға секіріп, оларды сыртқа алып шықтық», — деді СҚО қалалық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Сонымен бірге, Ұлттық ұланның 3 мыңнан астам сарбазы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге апаттың алдын алу жұмыстарының бел ортасында жүр. Қазір де әдеттегі әскери өмірді уақытша құтқарушының қызметіне ауыстырған Ұлттық ұлан жауынгерлері аймақтағы ағайынның амандығы үшін еңбек етіп жатыр. Батыстағы арнасынан асқан Жайықтың жағасын нығайту, солтүстіктің су басқан ауылдарындағы ағайынды қауіпсіз жерге көшіру, бөгет көтеру, судың бағытын бұру сынды шаралардың барлығында ұландықтардың үлесі зор. Тіпті, топан судың ортасында жүрген бірнеше курсантқа Мемлекет басшысының атынан сыйлық табысталды.

Ал қостанайлық Нұрхан Қабыкен су тасқыны басталғалы бері облыста құрылған жедел штабта қызмет етуде. Құтқарушының жақындарын көрмегеніне бір айға жуықтады. Олар мұнда судың ағысын бұрумен айналысып жатыр. Жалпы Қостанайдағы тасқынынан 672 үйді су басып, 9 226 тұрғын эвакуацияланған. Шығын бұдан да көп болуы мүмкін еді, алайда судың қарқынын тоқтату жұмыстары барынша күшейтілді. Нұрхан мен әріптестерінің табандылығының арқасында Қостанай мен Тобылды байланыстырып тұрған орталық көпірді тасқын бұза алмады. Бұл жұмысқа құтқарушылармен қатар тұрғындар да, еріктілер де көмектескен. 

«Бұл жерде жүргендердің бәрі бір айдан бері отбасын көрген жоқ. Біздің жұмыс осындай. Бар назар қызметте болуы керек», — дейді инженер Нұрхан Қабыкен.

Айта кетейік, бүгін 10 республикалық арнаның тікелей эфирінде жалпыұлттық телемарафон өтіп жатыр. 

Jibek Joly, Qazaqstan, «Хабар», «Еуразия», «КТК», «31 арна», Atameken Business, Astana TV, «7 арна» және Almaty TV телеарналарының 5 сағаттық тікелей эфирінде тасқын басқан аумақты көзбен көрген, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындардың жан тебірентер оқиғалары айтылып, табиғи апат аймақтарынан репортаждар беріледі.  

Соңғы жаңалықтар