Тасқын судан зардап шеккендерге Бөрлі ауданы тұрғындары да қолұшын созды

ОРАЛ. 27 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - БҚО-дағы тасқын судан зардап шеккендерге Бөрлі ауданы тұрғындары да қолұшын созды.
None
None

Ақсай қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Талапкер Байдосов осындай су тасқынын жетпіс жыл бұрын көрген екен. Шыңғырлау өзені тасығанда, Карл Маркс атындағы колхоздағы (қазіргі Масайтөбе ауылы) елушақты үйді түгелге жақын су алып кеткен екен. «Биылғы топан су да елдің басына келген нәубет деп түсінемін. Сондықтан әркім мүмкіндігінше көмек бергені абзал. Өзім зейнетақымнан жырып, 2 мың теңге аудардым. Үш ұл, үш қызым бар, барлығы да бір күндік еңбекақыларын тасқыннан зардап шеккендер қорына аударды. Мұндай істен ешкім сырт қалмауы тиіс деп есептеймін», - деді қария.

Аудан ақыны, қолөнер шебері, «Алтын алқалы» ана Дәмелі Құсайынқызы да қиналғандарға көмек ретінде 5000 теңге аударды.

Қайырымдылық ісінен Ақсай қаласының кәсіпкерлері де шет қалған жоқ. Аудандық «Шаңырақ» кәсіпкерлік қауымдастығының ұйымдастыруымен базарлар мен дүкендерден, жеке адамдардан киім-кешек, азық-түлік, төсек-орын, барлығы 800 мың теңгенің тауары жиналып, Орал қаласына жөнелтілді.

Қайырымдылық шарасы одан әрі жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар