Тастанды нәресте, өрттен құтқарылған науқастар: павлодарлық медбике 40 жылғы тәжірибесіндегі ерекше оқиғаларды еске алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, ҚазАқпарат ел алғысын арқалап жүрген Павлодар облыстық балалар ауруханасының медбикесі Сандуғаш Керімжановамен сұхбаттасты.
- Сандуғаш ханым, медицина саласында жұмыс істеп жүргеніңізге неше жыл болды?
- 40 жыл. 1982-де медициналық колледждің кешкі бөліміне оқуға түстім. Содан бері жұмыс істеп келемін. Ол кездегі талап бойынша кешкі бөлімде оқитындар міндетті түрде жұмыс істеуі керек еді. Қазір өзім жұмыс істеп жүрген аурухана ғимаратын салуға да атсалыстық. Жұмыстан босай қалсақ, керамзит, терезелер тасып, ғимараттың ішін тазалайтынбыз.
- Осы уақыт ішінде алғыстың түр-түрін естіген шығарсыз?
- Иә, әрине, ризашылық білдірген аналар көп. Сондай-ақ, грамоталар, алғыс хаттар да алдым. Бұл - менің жұмысым, яғни қалыпты міндетім екені түсінікті. Ол үшін алғыс күтпеймін. Бірақ, кейде аналар ерекше рахмет айтып жатады. Мысалы, балаға катетер саламыз. Оны көріп тұру анасына оңай емес. Міне, мұндайда инені еппен егу былай тұрсын, анасының көңілін де жайландыру керек болады. Өкінішке қарай, қазір ауруханаға табаны тимей жатып, наразылық білдіретін аналар көбейіп кетті.

- Есте қалған оқиғалар көп шығар?
- Ондай жағдайлар өте көп. Бізге тастанды балалар жиі түсетін. Сондай сәбидің бірі - Жанна деген бала есімде... Балалар үйіне жібергенше аяғын баса алмай жүрді. Тез жүріп кетуі үшін массаж жасайтынбыз. Бірде ол қабырға жағалай жүріп, аурухана меңгерушісіне барды. «Анашым, анашым, олар мені ренжітіп жүр. Тамақты толық берместен ұйықтатып тастайды», - деп шағымданды. Көзімнен жас парлағаны есімде. Жанна бойжеткенше хабарласып тұрдық. Кейін ол тұрмыс құрған соң, арадағы байланыс үзіліп қалды.
Тағы бір жағдай есімде. Біздің ауруханаға бір жас дәрігер сәбиімен түсті. Екеуі оңаша бөлмеде жататын. Бір күні баласының қимылсыз қалғанын айтып, дауыстап жылады. Жүгіріп барып, алғашқы көмек көрсеттім. Баланың бойына жан кіре бастады. Қазір сол бала 20-ға келді. Әлі күнге дейін алғыс айтып, хабарлама жазып тұрады. Өзі аймақтық денсаулық сақтау құрылымында жұмыс істейді.

- Тастанды балалар жиі түсетін дедіңіз...
- Иә, көп болатын. Далада қалған баланы бірден бізге әкеледі. Ол тексеруден толық өтпей балалар үйіне жіберілмейді. Көбін әріптестеріміз асырап алды. Қазір тастандылардың сәл де болса азайғаны қуантады.
- Осы мамандықты таңдағаныңыз үшін өкінген кездер болды ма?
- Айлықтың аз екенін сезінгенде өкінетін кездер болады. Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеген кезде үстемеақы төленгенін білесіз. Оның өзі үш айға ғана берілді. Жуырда балама үй алып беру үшін зейнетақы қорындағы жинағымды пайдаланғым келді. Бірақ, 40 жыл ішінде 3 млн. теңге де жиналмаған екен. Өкінішті-ақ, әрине... Жалақымыз мысқалдап, баға болса батпандап өсіп жатыр.
- Жұмыс барысында басқа қандай қиындықтар болады?
- Медициналық бұйымдар тапшы. Одан кейін маман тұрақтамайтын болып кетті. Бұрын ұжымда ауыс-түйіс сирек болатын. Қазір күн сайын бірі келіп, бірі кетіп жатады. Басшылар да жас мамандарды ұстап қалуға тырыспайды. «Ұнамаса, өтініш жаз да кет бер» деп қарап отырады.
- Жуырда сіз жұмыс істейтін ауруханада өрт болғанын білемін. Ол кезде жұмыста болдыңыз ба?
- Иә, мен кезекшілікте едім. Өте қорқынышты болды. Әсіресе, демікпесі бар балаларға қауіпті еді. Өрт түнде шықты. Науқастардың бәрі ұйықтап жатқан. Кенет емдеу бөлмесінде жарық сөніп, 15 минуттай қараңғылық орнады. Осылайша бірнеше рет жыпылықтап тұрды. Кернеудің құбылуына шыдамаса керек, палаталардың бірінде шам өртенген. Бөлімді қара түтін басып, күйік исі кеулеп кетті. Дәлізде абыр-сабыр басталды. Палаталардың есігін ашып, аналарға жол сілтеп жүрміз. Бәрі шықты-ау дегенде тізім бойынша тексеріп өттік. Бұл кезде жедел жәрдем бригадасы да жеткен болатын.

- Сол сәтте ең бірінші қандай ой келді?
- Ең бастысы, бәрін қауіпті аумақтан аман алып шығу еді. Менің бөлімшемде 20 адам болған. Осындай төрт бөлім бар. Әйтеуір бәрін шығарып үлгердік.
- Зардап шеккендер болды ма?
- Ешкім зардап шеккен жоқ. Жылдам әрі үйлесімді қимылдай білген сияқтымыз. Төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін үйренгенбіз. Ондай нұсқаулықтар үнемі жүргізіліп тұрады.
- Әңгімеңізге рахмет. Алғыс арқалай беріңіз!
