Татарстан өкілдері ақтөбеліктердің ет кластерін дамыту тәжірибесін үйренбек

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Татарстан өкілдері ақтөбеліктердің ет кластерін дамыту тәжірибесін үйренбек. Олар жуырда Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген болатын, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Делегация құрамында мемлекеттік органдар мен муниципиалды аудандар және агроөнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары бар. Сапардың басты мақсаты-«Актеп» ЖШС-ның базасында құрылған Ақтөбе ет кластерінің жұмыс тәжірибесін зерделеу.

Бүгінде аталмыш кәсіпорын асыл тұқымды мал асыраумен айналысады және кәсіпорынның 11 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы бар. Сондай-ақ кәсіпорында қуаты жылына 7200 тонна өнім шығаруға қауқарлы ет өңдеу кешені жұмыс істеп тұр. Кластер облыстағы 350 шаруа қожалығымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Бұл серіктестік қарапайым фермерлер үшін аса ыңғайлы болып отыр. Өйткені осы ынтымақтастықтың арқасында олар мол көлемде қаржы тартпастан-ақ шаруашылық ауқымын кеңейтіп, аналық малдың басын көбейтіп, мал тұқымын асылдандырып отыр. Тұрақты өнім өткізу нарығы да бар.

Осы сапар аясында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Асылжан Мамытбеков, татарстандық делегация басшысы, Татарстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Марат Ахметовпен кездесті.

«Ақтөбе облысы мен Татарстан Республикасы мәдени-гуманитарлық салада тиімді ынтымақтастық орнатқан. Нақтырақ айтқанда, биылғы жылы «Бақытты бала» жобасының аясында тұңғыш рет біздің оқушылар Қазан қаласында демалып, цифрлық технологиялар саласында білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Бізге енді бұнымен шектеліп қалмай, сауда-экономика бағытында да қарым-қатынастарды жетілдіру керек. Бізде ынтымақтастықты қажет ететін салалар жетерлік, солардың бірі ауыл шаруашылығы саласы»,-деді Б.Сапарбаев.

Өз кезегінде Марат Ахметов қазақстандық тарапты жылы қарсы алып, «Актеп» ЖШС-ның жұмысымен танысуға мүмкіндік жасағаны үшін алғысын білдірді.

«Мәскеуде Қазақстандағы, нақтырақ айтқанда Ақтөбе облысындағы ет кластерін дамыту тәжірибесі туралы естідік. Осы кеңесті пайдаланып Қазақстанға келіп, тәжірибе алмасып қайту қажет деп шештік. Енді кластер жұмысымен танысқан соң айтарым, бұл тек бизнес-жоба ғана емес, сонымен қатар мықты әлеуметтік жоба деуге де болады. Өйткені кластердің өзінің жеке өндірісімен қатар, мал бордақылау алаңы мен 350 әріптес шаруашылықтары да бар. Біз үшін бұл өте қызықты жоба болып отыр. Қазақстанның мемлекеттік қолдау тәжірибесін ескере отырып, біз бұл тәжірибені Татарстанда да дамытатын боламыз»,-деп тап көрсетті М.Ахметов.

Татарстан Ресейдің ірі субъектілерінің бірі. Ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен ол Ресей Федерациясында 3-ші орында тұр.

Соңғы жаңалықтар
telegram