Тау-кен саласындағы экономикалық тетіктерді толығымен өзгерту қажет - Н.Радостовец

АСТАНА. ҚазАқпарат - Болашақта жаңа жобаларды дамыту мақсатында тау-кен саласындағы экономикалық тетіктерді толығымен өзгерту қажет, деп есептейді Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының президенті Николай Радостовец.

Тау-кен саласындағы экономикалық тетіктерді толығымен өзгерту қажет - Н.Радостовец

«Тау-кен өнеркәсібінің өкілдері Қазақстан Президентіне оның жаңа экономикалық саясаты үшін алғыс айтады. Біздің саладағы ахуал едәуір жақсарды», - деп атап өтті ол Астанада өткен «Бәсекеге қабілетті тау-кен металлургия кешені - бәсекеге қабілетті Қазақстан» атты халықаралық форумда.

«Дегенмен нарықтағы шикізат бағасы аса төмен деңгейде қалып отыр. Елбасы бұл ұзақмерзімді дағдарыс екендігін атап өткен болатын. Барлығының қаперінде болу керек - енді арқаны кеңге салып, аста-төк өмір сүретін уақыт емес. Үнемділікті арттыру қажет. Бұл форум салаға үлкен қаржылар құю бойынша тақырыпты көтеріп отырған жоқ, керісінше, осы мерзімді аз шығынмен еңсеру бойынша талқылауларды жүргізуге арналады. Бұл қиын-қыстау кезең мүмкін бір, екі, үш жыл созылар, біз тек оның мейілінше тез аяқталғанын қалаймыз», - деді Н.Радостовец.

Оның айтуынша, форумға шетелдік мамандардан бөлек, қазақстандық профессорлар шақыртылды. Олар қай салада қандай үнемді технологияларды енгізуге болады, айналымдағы қаражат есебінен үнем табу, құны жоғары жобаларды жүзеге асыру жөнінде сөз қозғайды.

«Біз бұл қиындықтан барлық әлеуметтік міндеттерді сақтап шыға алатындығымызға үміттенеміз. Бүгін салық саясаты да талқыланады, болашақта қандай болады. Жаңа салықтық ұстанымдар жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді ме, әлде тек жұмыс орындарын сақтауға ықпал ете ме?! Жер қойнауы туралы жаңа кодекспен қатар, тау-кен компаниялары үшін экономикалық жағдайлар жүйесі толығымен өзгертілуі тиіс. Біз 2017-2018 жылдары жаңа жобалар жасалуы үшін ұзақмерзімдік дамуға серпін беретін қадамдарды жасақтауымыз шарт. Жалпы Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын толығымен атқардық, міндеттердің барлығын атқардық», - деп түйді сөзін қауымдастық басшысы.