Тауар биржасының тиімділігі туралы сөз қозғалды - Қызылорда
ҚЫЗЫЛОРДА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Қызылорда облысының әкімдігінде тауар биржасының мемлекеттік сатып алудағы тиімділігін таныстырған тұсаукесер өтті.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ұранхаев тауар биржасының ішкі және сыртқы тауар айналымды көтерудегі ықпалы жөнінде қысқаша айтып өтті. Осыдан кейін жиналғандар алдында «Астана» әмбебап тауар биржасы» АҚ басқарма төрағасы Рамиз Аллахвердиев хабарлама жасады.
Әуелі жалпы құрылымның тарихына тоқталып өткен басқарма төрағасы елімізде тауар биржасы арқылы сауда-саттық жасау барысын да айтып өтті. «Мемлекеттік сатып алу» туралы ҚР заңында тауар биржасы арқылы сатып алу көрсетілгенімен де осыған дейін бұл бағыттағы жұмыстар бір жүйеге түсе қойған жоқ. Тек оларды лицензиялау туралы заң қабылданғаннан кейін ғана тауар биржалары іріктеліп, мемлекеттік сатып алуды кеңінен жүргізуге мүмкіндік туып отыр. Қазір «Астана» әмбебап тауар биржасы» АҚ ТМД, Қытай және Еуропа елдеріндегі тауар алаңдарымен тығыз байланыстағы қуатты құрылым саналады.
Хабарламашы тауар биржасындағы ұсынушы мен тұтынушы байланысы туралы да айтып өтті. Қатысушыларға тауар биржасы арқылы отандық және шетелдік өнімдерді таратудың тиімділігі түсіндіріліп, ҚР Үкіметі бекіткен биржа тауарларының тізбесі ұсынылды. Жалпы, ішкі және сыртқы тауарайналымды реттейтін тауар биржасы қай тарап үшін де баға өнімін түсіріп, оған сұранысты арттыруға қолайлы жағдай жасайды.