15:38, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Тауар мен қызмет түрлерін сатып алу үшін ұлттық компаниялар мен жергілікті кәсіпкерлердің арасында арнайы басқосулар өткізілетін болды
АЛМАТЫ. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тауар мен қызмет түрлерін сатып алу үшін ұлттық компаниялар мен жергілікті кәсіпкерлердің арасында енді барлық облыста арнайы басқосулар өткізілетін болды.

Оны Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шөкеев бүгін Алматыда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның отандық өндірісшілердің тауар және қызмет көрсету түрлерін сатып алу шаралары жөнінде алматылық кәсіпкерлермен өткен алқалы жиынында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бұл маңызды бастама болды. Мен енді мұндай шараны барлық облыста өткізуді ұсынамын. Жиынның қорытындысында жүздеген миллиардтардың келісімдері жасалатынына кәміл сенімдімін. Бұл біздің жұмысымыздың нақты нәтижесі болмақ», деді Өмірзақ Естайұлы. Оның сөзіне қарағанда, енді әкімшілік құқық бұзушылыққа байланысты кодеске жаңа өзгерістер енгізілмек. Ол бойынша статистикалық қате ақпарат берген инвесторлар мен компания басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өйткені ақпан айынан бастап барлық өндірісшілер өздері сатып алатын қызмет пен тауар түрлерін өздерінің интернет сайттарында толық жариялай бастайды. Осыған байланысты алдағы айдан бастап әр апта сайын арнайы құрылатын жұмыс топтары мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен жүйе құраушы кәсіпорындардың қазақстандық өндірісшілерден сатып алатын қызмет пен тауар түрлерінің үлесін жеке-жеке қарайтын болады.