Тәуелсіздік - елдің ең басты құндылығы - Кенжехан Матыжанов
АЛМАТЫ. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат - Біз елдің ең ұлы мерекесіне үлкен жетістіктермен жетіп отырмыз. «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов бүгін Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоғын қою рәсімі кезінде осылай айтты.
«Тәуелсіздікті алғаннан ұстап тұру өте қиын деген сөз бар. Біз оған үлкен жетістіктермен жетіп отырмыз. Шынында да одан бағалы құндылық жоқ. Ал ҚР Президентінің Тәуелсіздік күні қарсаңындағы«Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауы көпшілік үшін күтпеген жолдау болды. Біз осы уақытқа дейін 2030 бағдарламасымен жұмыс істеп келгенбіз», - дейді К. Матыжанов.
Кенжехан Ісләмжанұлының айтуынша, арғы-бергі дүниені бағамдап, оның басым бөлігінің орындалғанын Елбасы атап көрсетті. Әрқашан елдің алдында шамшырақ сияқты бағдар болғаны жөн. Сондықтан 2050 жылға дейін біз қандай белестерді бағындыруымыз керек, еліміздің ынтымағы мен бірлігі қай дәрежеде, ырыс-берекесі қандай көлемде болу керек екені анықталды. Тәуелсіздіктің ұрпағын келешекке бағдарлауда оның маңызы өте үлкен.