Тәуелсіздік күні мерекесіне орай әуесқой бокстан Қазақстанның былғары қолғап шеберлері жанкүйерлерін үлкен қуанышқа бөледі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан мен Куба боксшылары бұған дейін де әр жылдары жолдастық кездесулер өткізген болатын. Қос мемлекеттің елордалық командалары арасында өткен тартысты додаға тәжірибелі боксшылармен қатар жас дарындар да қатысты.
Бірінші болып алаңға шыққан 48 келідегі Ілияс Сүлейменов кубалық Даниэль Мательон Раместен айқын басымдығын танытып, 15:8 есебімен ұтты.
51 келі салмақта өнер көрсеткен Әнуар Байжанов Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Ямпрьер Эрнандес Гонсалесті 9:3 нәтижесімен жеңіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
91 келіден жоғары салмақта шаршы алаңға шыққан Виталий Бондаренко гаваналық Роберт Альфонсо Асиаға 6:1 есебімен жеңіліп қалды. Сол секілді 54 келі салмақ бойынша Данияр Төлегенов кубалық Эррера Ливан Каводевиллаға 4:12 есебімен ұтылып қалды.
Осыдан кейін астаналық жігіттер жеңісті қолдан берген жоқ. 19 жасар Думан Әлімов гаваналық Лестер Диас Фернандестен айласын асырып, 9:7 есебімен жеңді.
60 келі салмақ бойынша Ержан Өміржанов қарсыласы Идель Ториентэ Леальды 4:3 есебімен жеңіп кетті.
Ал алаңға Мерей Ақшалов шыққанда елордалық жанкүйерлер талантты боксшыға ерекше қошемет көрсетті. Тәжірибелі боксшы ел Тәуелсіздігі күні қазақтың мерейін бір асырып тастады. Мерей Куба елі чемпионатының күміс жүлдегері Юденни Таурос Матоспен кездесіп, 20:2 есебімен айқын жеңді.
Сонымен қатар 69 келі салмақта Азия біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы Бақытжан Қожабеков те астаналықтардың мәртебесін асырды. Ол Бостандық аралынан келген Уилсон Кальво Идальго Гатоға дұрыс соққы жасауға мүмкіндік бермей, қарсыласын 9:1 есебімен жеңді.
75 келіде Азамат Белгібаев кубалық Рей Эдуардо Ресио Планы жеңді. Айта кету керек, екінші раунда Азамат қарсыласын нокдаунға жіберіп, бір есеңгіретіп алды.
81 келіде халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы, биыл Азия біріншілігінің қола жүлдесіне ие болған Дәурен Елеусінов Куба біріншілігінің қола жүлдегері Иглесиас Хункэ Хулио Кристобальды 5:3 жеңіп, астаналықтардың мерейін тасытты.
Соңғы болып шаршы алаңға 91 келі салмақ бойынша шыққан Василий Левит үшін бұл жеңіс оңайға түскен жоқ. Миланда өткен Әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленген Акоста Дуарте Осмай екі раунд бойы 5:1 есебімен ұтып жатқан болатын. Ал үшінші кезеңде Василийдің ауыр соққыларынан соң, қарсыласының еркін қимылдауына мүмкіндік бермей, қапсыра құшақтап алумен болды. Төреші ескерту жасап, соңғы нәтиже 6:5 есебімен Левиттің пайдасына шешілді. Василийдің қайсарлығына астаналықтар қошемет көрсетті. Сөйтіп, Астана мен Гавана командалары арасындағы бәсеке 9:2 есебімен аяқталды. Жарыс жеңімпаздары Кубок пен бағалық сыйлықтарға ие болды.
Осы жолдастық кездесуге құрметті қонақ ретінде Куба бокс федерациясының вице-президенті, үш дүркін Олимпиада жеңімпазы, үш мәрте Әлем жеңімпазы, даңқты боксшы Лоуренс Теофило Франсиско Стивенсон, үш дүркін Олимпиада жеңімпазы, бес рет Әлемдік жарыстың биік тұғырына көтерілген әйгілі боксшы Феликс Савон Фавре қатысты. Бұл мәртебелі меймандарға Астана жұртшылығы үлкен қошемет көрсетті. Сол секілді Куба боксын биік шыңға көтерген атақты бапкер Сагарра Карон Алсидес те құрметті қонақ ретінде Астанаға келген болатын. Олардың иықтарына шапан жабылып, қошемет жасалды.
Сонымен қатар осы жарыста екі дүркін Еуропа чемпионы, Әлем кубогінің екі мәрте иегері, 1980 жылғы Мәскеуде өткен XXII Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, қазіргі Мәжіліс депутаты Серік Қонақбаев құттықтау сөз сөйлеп, ел боксын дамыту туралы ойларын жеткізді.