19:45, 11 Қазан 2013 | GMT +5
Тәуелсіздік сарайының лауазымды тұлғалары жемқорлық үшін сотталды
АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың басынан бері елордада департаменттің өзі 100-ге жуық сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтады. Бұл туралы бүгінгі семинар-дәрісте ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілі, майор Андрей Гречко мәлім етті.

Оның хабарлауынша, биыл салық, ішкі істер, төтенше жағдайлар, қылмыстық атқару, халықты әлеуметтік қорғау, сот-медицина сараптамасының қызметкерлері, сондай-ақ «Парасат» ұлттық холдингі сияқты мекемелердің мамандары жемқорлық үшін ұсталды. «Соның ішінен ірі деген қылмыстарға тоқталатын болсақ, «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймақтағы бастықтың орынбасары Әубәкіров 26,3 млн. теңге көлемінде пара алғаны үшін құрықталды. Сол сияқты «Тәуелсіздік сарайы» мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғалары да құқық бұзушылыққа жол берген. Олар мемлекеттік сатып алулар барысында 500 мың теңгедей пара алды. Қазіргі кезде директордың қаржы бойынша орынбасары және мемлекеттік сатып алулар бөлімінің бастығы сотталды», - дейді А.Гречко. Айта кетейік, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында республикалық және халықаралық маңызы бар іс-шаралар өтіп тұрады.