Тәуелсіздік тойын той-томалақпен емес, еңбекпен қарсы алайық-Елбасы

АЛМАТЫ. 28 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тәуелсіздік тойын әр ауыл өзіндік жетістіктерімен қарсы алуы керек. Кеше Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Асы жайлауында өткен облыстың Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары малшыларының слетіне қатысып, сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Тәуелсіздік тойын той-томалақпен емес, еңбекпен қарсы алайық-Елбасы

"20 жылдықты той-томалақ демей, жол салып, су тартып, ағаш егіп, айналаны тазартып еңбекпен қарсы алуымыз керек. Қазақстан - біздікі. 1991 жылы өмірге келген балалар халқымыздың өткен ғасырда басынан кешірген аштық пен зұлматын, қуғын-сүргінді және екінші дүниежүзілік соғыстың апатын білмейді. Олар бәрін аспананнан салбырап түсе салғандай көреді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тәуелсіздіктің баянды болуы жастардың өз қолында екенін айтқан Елбасы, осы мақсатпен оларды арнайы бағдарлама бойынша шет елде оқытып жатқанын жеткізді. Елбасы айтуынша, қазір әлемдегі 7 миллиард адам жанталасып бәсекеге түсіп жатыр. Бұл үрдістен Қазақстан сырт айналып, көш соңында қалып қоймауы керек. Болашақтың кілті - білімде. Сондықтан балаларға математика, физика, химия сияқты жаратылыстану пәндерін оқытып, оларды тәрбиелеу мен білім беруден ақшаны аямау керек. "Әр адам өз қабілет-қарымына қарай өзі таңдап алған мамандығының шыңына жетуге ұмтылуы тиіс. Сонда олар ешкімнен кем болмайды", - дейді Н. Әбішұлы.