Тәуелсіздік тойына өнер саласының қызметкерлері де үлкен табыстармен келіп отыр - Қ.Қожақов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, БҚО

дейді белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директорының орынбасары Қанатқали Қожақов.
-Айта кететін жайт, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өнер адамдарына деген қамқорлығы арқасында сала қызметкерлерінің тынысы кеңейіп, талғам үдесінен шығып келеді, деді ол. Соның бір жарқын айғағы - елордада үш облыстың бірлескен концерттік бағдарламасындағы 17 нөмірдің 13-і батысқазақстандықтардың үлесінде. Бұл облыс өнерпаздарының өнер көгінде жарқыраған елеулі күндерінің бірі болды десем қателеспеген шығармын.
Тәуелсіздік мәдениет саласына тың серпін әкелді. Әрине, осы 20 жылдың ішіндегі өзгерістердің бәрі бірдей қолға алынып, өрлеп кетті деу қиын. Дегенмен соңғы жылдардағы өзгеріс ұшан-теңіз. Алысқа бармай-ақ, өзім еңбек ететін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымына тоқталайын. Керемет залымыз, концерттік бағдарламамыз, ең бастысы - өнеріне таң қалдырып, сахнаны гүлдендіріп жіберетін өнерпаздарымыз бар. Филармония директоры Марат Қалиев, көркемдік жетекші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәжірибелі маман Мақсот Омарғалиевтің басшылығымен өнерімізді дамыта түсуге бар мүмкіндік жасалып отыр. Филармонияның аға буын өкілдері Қатимолла Бердіғалиев, Ермек Қазиев тағы басқа майталмандар өз тәжірибелерін жастарға үйретуден жалықпауда. Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеев, Жаскелең Ғайсағалиев, Еркін Өтегенов, Асыланбек Қуанәлиев сияқты ізбасарларымыз бар.
«Назерке» би ансамблінің гүлдей майысқан бишілерінің өнеріне ғана емес, киім үлгілеріне дейін таңғалып, таңдай қағып жатады. Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрі, «Орал сазы» ансамблінің шығармашылық деңгейі өте жоғары. Оркестр, ансамбль құрамындағы қай өнерпазды алып қарасаң да саусағынан күй төгіліп жүре береді.
Біз үшін кеңестік дәуірде шетелге барып өнер көрсету деген өте сирек құбылыс болатын. Онда да бізді Кеңестер Одағы деп таныды. Қазір Қазақстанды дүниежүзі біледі. Шетелдік сапарларымызда қазақтың ұлттық аспаптарынан шығатын сан алуан әуенге, ұлттық нақыштағы киімдерімізге, кең тынысты, сан қырлы өнерімізге деген қызығушылық басым. Түрлі фестивальге қатысуға келген шетелдік өнер ұжымдары өздеріне шақырып, өнер көрсетуімізді сұрайды. Бұл біз үшін дәреже ғана емес, ұлттық өнеріміз, тәуелсіз Қазақстанымыз үшін мақтаныш.
Өз басыма келсем, өнерім бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталдым. Негізінен эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен патриоттық әндерді орындаймын. Соңғы жылдары концерттік бағдарламама жаңа әндер қосылды. Соның бірі - Ермұрат Үсеновтің «Арман - Астана» әні. Жерлесіміз Базарбай Жұманиязовтың шығармашылық кешіне арнап оның «Отан - Ана», «Алтын дән туралы жыр», «Кешкі ән» әндерін орындауға әзірлік үстіндемін. Сол сияқты Қаршыға Ахмедияровтың «Жер - Ана» әнін де тыңдармандар жақсы қабылдауда.
Шетелдерге, ТМД елдері мен көршілес Ресей қалаларына барып өнер көрсетумен қатар, Ақтөбе, Атырау қалаларының өнер ұжымдарымен де тығыз байланыстамыз. Сонымен қатар биыл бірнеше топқа бөлініп Қаратөбе, Жымпиты, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қазталов, Жәнібек аудандарына барып, ауыл тұрғындарын әнмен сусындатып қайттық. Қуанатынымыз - ауылда мәдениет жандана түскен. Тұрғындардың тұрмыс деңгейі көтеріліп, рухани азық берер мәдениет саласы да қалпына түскен. «Ел іші - өнер кеніші» деген ғой, біздің өнерімізді жалғастырар жастар солардың арасында.
«Бүгінгі таңда әнімізді шырқай жүре, облыстағы қоғамдық-саяси науқаннан да тыс қалмаудамыз. Сайлау кездерінде ақпараттық-насихаттық топпен бірге барып, концерт қоямыз. «Назерке» би ансамблі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, Астанада өтетін гала-концертке әзірлік үстінде. Өзім желтоқсанның 16-17 жұлдызында елордаға облыстан баратын ресми делегация құрамында мәдениет қызметкерлері атынан қатысамын. Одан бөлек 14 желтоқсанда облыста өтетін салтанатты шараға, жаңажылдық кештерге қатысамыз. Қазір Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай көптеген шара өткізілуде. Соның бәріне үлесімізді қосудамыз. Өйткені өнер - ортақ», деп түйіндеді ойын Қ.Қожақов.