Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикасы жан басына шаққанда 12 есе өсті - Н.Назарбаев

МАТЫ ОБЛЫСЫ. 27 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикасы жан басына шаққанда 12 есе өсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Алматы облысындағы Асы жайлауында өткен малшылар тойында сөйлеген сөзінде осылай деді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның экономикасы жан басына шаққанда 12 есе  өсті - Н.Назарбаев

«Біз Тәуелсіздік жылдары Корея, Малайзия, Сингапур сияқты Азия "жолбарыстарының" деңгейіне жетуге тырыстық. 20 жылдың ішінде экономикасы жан басына шаққанда 4 еседен астамға өскен ешқайсысында болған жоқ. Бізде ол 12 есеге артып отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының айтуынша, кеңестік дәуірде экономикасының көлемі бойынша Ресейден кейін екінші орында тұрған Украинаның экономикасы өткен жылы Қазақстаннан 23 пайыз төмен болды. Украинаның халық саны 50 млн. адам және зауыт-фабрикасы, құнарлы жері мен өзен-көлі бізден көп болса да Қазақстанның жетістігі тәуелсіздіктің нәтижесі деуге болады.