Тәуелсіздікке ештеңе жетпейді, аты да, заты да жақсы - Әшірбек Сығай

Қазақ рухының сол желтоқсанда мұзда жанған алауының бүгінгі ұрпаққа дәріптелуі жайында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдан алған сұхбатымызды ұсынамыз.
- Әшірбек аға, дәл осы айда болған Желтоқсан оқиғасы, осы айда жарияланған Тәуелсіздік театрда, драматургия саласында қаншалықты көрініс тапқан?
- Иә, шын мәнінде осы ай қазақ үшін қасиетті де қасіретті. Сондықтан бұл айда болған Желтоқсан оқиғасы да, Тәуелсіздік те театрда өз деңгейінде көтерілуі тиіс деп ойлаймын. Желтоқсан туралы бірнеше пьесалар шықты. Кітаптар жазылды. Ұзын саны пәленбайға жететін мақалаларды айтпағанда, күрделі-күрделі еңбектер басылды. Оның бәрі көркем шедевр, желтоқсан оқиғасының бүге-шүгесіне дейін, қатпарын ашып тастады демеймін, бірақ сол бір күндердің себебін ашуға, сол оқиға кейіпкерлерінің жан-дүниелерін, бейнелерін ашуға талпыныстар басталды деп ұғамын. Желтоқсан оқиғасына арналған драматургиялық шығармалар бар, қойылып та жатыр. Қазақстан Жастар театрында, Батыс Қазақстан драма театрында, еліміздің барлық театрларында бой көрсетіп жүр. Бірақ ол қойылымдарды көркем шығармалық үлкен деңгейге, полотноның деңгейіне көтерілді деп айта алмаймын. Бірақ, соның өзі үлкен медеу. Сахнада желтоқсан кейіпкерлерінің нұсқасын, кейпін іздеп жатқанымыз, өмірге деген құлшынысын, күш-жігерін, қайратын, сахнада байқауымызға толық жетіп жатқан кісілер, байқаған адамға толып жатқан нәрселер бар, бірақ аз.
- Бұл олқылықтың орнын қашан толтырамыз?
- Желтоқсан туралы, Тәуелсіздік туралы жазылатын шығармалар әлі алда деп санаймын. Толстой 1812 жылғы Ұлы Отан соғысын көрген жоқ, араласқан жоқ, ол кезде әлі тумаған да болатын. Ал бірақ «Соғыс және бейбітшілік» сияқты қандай үлкен кең тынысты роман жазып шықты. Сол сияқты бізде де осындай жазушы шығар. Жазушылық қиялы бар жазушы, сол дүниеге қатысқан адамдармен сөйлесу, сұхбат жасау арқылы жасалатын шындықтар, мұрағат материалдарын пайдалана отырып, ептеп кірісіп кеткен кезде, менің ойымша нағыз көркем шығармаға даңғыл жол ашылуы әбден мүмкін. Ал енді арасы 20 жылда бізге кісі таңғаларлықтай шығарма туа қалмады, шықпады деп асығуға болмайды. Оны уақыт туғызады. «Абай» романының өзі Абай өліп кеткеннен кейін, қанша уақыттан кейін шықты. Оған М. Әуезов 20 жыл өмірін сарп етті. Тағы да бір мысал, одақтық бедел, мәртебе алып келген Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романының өзін біз 70 жылдары сахнаға шығардық. Сондықтан оқиға болған бетінде қағазға түсіріп, тек жұртшылықтың эстетикалық ләззатын қанағаттандыра қоймады деп асықсақ, ол да жөнсіз болар еді.
- Демек желтоқсанның жазылып, том-том кітап болып шығуы үшін уақыт керек қой...
- Иә, мен әрқашан «Көркем шығарма - уақыт аралықтарын қажет етеді» деген сөзді ылғи да айтып жүремін. Бүгін туған дүниені, ертең жаза салу қиындау. Ол өзі жүректе жазылады, одан әбден пісіп жетіледі, суреткер өзінің даярлығына кіріседі, жан дүниесі арқылы өткізеді, сөйтіп барып көркем шығарма дүниеге келеді.
- Жалпы Тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғасын бөліп қарауға бола ма? Сосын ата-бабамыз, кешегі желтоқсандағы бас көтерген жастар аңсаған тәуелсіздік толыққанды жетті ме бізге?
- Тәуелсіздікті жариялаған күн Жәнібек пен Керейдің тұңғыш рет қазақ мемлекетін құрғаннан кейінгі тарихтағы екінші ұлы оқиға болды. Сондықтан Тәуелсіздік пен Желтоқсан оқиғасын өз басым бөліп қарамаймын, бөліп қарай алмаймын да. Олар бір-біріне түрткі болды. Желтоқсан оқиғасы ынтымақтастыққа топтастыруға, бір жерден күш қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға ұйтқы болды деп ойлаймын. Сондықтан Тәуелсіздікке деген құлшыныс қазақта баяғыдан келе жатыр. Бабаларымыз қанша рет бас көтерді, қанша рет басып тасталды. Қазақ халқының еңсесі көтерілмей келді. Ресей бодандығындағы езгі, одан бұрынғы көргендеріміз Жоңғар, Ойрат соғысы, ата-бабаларымыздың сүйегі шашылып қалмаған жері жоқ, қаны төгілмеген жері жоқ. Осының бәрін ұмытып, тек салтанатты түрде, пафостық сөзге, риторикалық, дидактикалық сөздерге құмар болып бара жатырмыз. Осыны сәл байқау керек. Қазір бай, кедей, орта жағдайда тұрып жатқандар бар. Бірақ елімізде әлі де кедей басым. Сондықтан тәуелсіздік жалпы халыққа нұрын шашып тұр, керемет болып тұр деп мен айта алмаймын. Жекелеген азаматтардың жетістікке жеткенін қанағат тұтып отыра беруге қарсымын. Ел-жұрттың аузы аққа тиюі керек. Ел-жұрт жадыраңқы жүрсе, қайсібір азаматтардың еңсесі түсіп жүргенін халықтың өзі көтерер еді. Сондықтан халықтың жағдайы жақсы болып, көңіл-күйлері көтеріңкі болса, менің арманым жоқ. Ал мен тәуелсіздікті әлі сезіне алған жоқпын. Мен оған асықпаймын да, оның бәрі алда деп есептеймін. Бәріне бірден қолың жетпейді ғой. Жетістіктеріміз бар. Бірақ, әлі де елдің басында шешілмеген түйінді проблемалар көп. Бәрін айтуға, жіліктеп шағып отыруға уақыт та жетпейді. Өйткені, тағы да айтамын, өзімізге айтпағанда, шет жұртқа айтпаймын ғой. Қол жетпеген тұстарымыз жетерлік. Оны ел-жұрт та, билік те біліп отыр. Қазақ жеріне Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Бірақ солай бола тұрса да, қазақ халқының тұрмыстық әл-қуатына септігін тигізер тәуелсіздік әлі жеткен жоқ деп санаймын.
- Сіздің пікіріңізше, қазіргі жаһандану жағдайында ұлт пен тәуелсіздікті сақтау үшін не істеуіміз керек?
- Бұрынғы ТМД елдері ішінде бас көтерген ел біздің Қазақстан. Енді менде бір қауіп бар, осы Тәуелсіздікті қалай ұстап қаламыз, қазақ халқының мәртебесін қалай өсіреміз. Қазақ халқы мемлекет құраушы ел ретінде өзінің маңына, өзінен кейін келген халықты топтастырмайынша, олар өзінің біздің елге кейіннен келіп, қазақ халқының кеңдігінің, қонақжайлылығының арқасында бүгінгі қалге жеткенін ұмытпау керек сияқты. Бірақ, өкінішке қарай, ұмытып кететін жағдайлары бар. Бір жағдай болса, ренжіп шыға келеді, көңілдеріне келе қалады. Неге біздің қазақ халқы ешкімге ренжімейді, қазақтың көңіліне неге келмейді? Біздің өз проблемаларымыз да жетеді. Үйсіз жастар, күйсіз жүрген жастар, жұмыссыз жүрген жастар, қолымыз аузымызға жетпей жатқан тұста, бізге қайсыбір халықтардың жағдай жасамады деп өрекпуі мені ренжітеді. Қазақтың жартысы кедей тұрады. Базарда арба сүйреп жүрген кім? Біздің қазақ! Көшеде пісте, темекі сатып отырған кім? Қазақтың қыз-келіншектері! Осыдан кейін біз, қазақ азаматтары қарнымыз тойды екен деп, көзбен көріп жүрген жағдайларға бейтарап қарай аламыз ба?! Халықтың қас-қабағына қарау деген болмай ма?! Мен қазақты еліміздің береке-бірлігін сақтап, ұйтқы болып отырған халық деп білемін. Елдің, халықтың, сөзі айтылып тұру керек. Бізде кейде дұрыс, әділ сөз айтқысы келген азаматтарды қақпайлап тастайды. Бізде қазір керісінше, елдің сөзін айтқан адам «елдің бірлігін бұзған адам» болып шығып жатыр. Шындық айтылу керек емес пе?! Бәрі үндемей, аузымызға су толтырып алып отырсақ, келген-кеткеннің аяғының, өкшесінің астында жүрейік. Біз ешкімге де көкірек керіп, күш көрсеткіміз келмейді. Бірақ қазақ халқының Отаны осы қазақ жері! Өзінің жерінде өз халқымыз еркін дем алмаса, маған ондай тәуелсіздіктің не керегі бар. Бәрі де жақсы дей беруден сақтануымыз керек. Бізді мақтап-мадақтап құртады, осыны байқауымыз қажет. Біреу мақтай бастаса, өзіңе сын көзбен қарауымыз керек. Бізде соған ере жөнелу, еліріп кете бару басым. Иә, солай, солай деп, бас изеп шыға келеміз. Олар бір көре салып, бір келіп кетіп, «Қазақстан керемет екен, қой үстінде бозторғай жұмыртқалап жатыр дегенге келтіреді», олай емес екендігін олар біле ме, ел ішінде жүрген біз білеміз бе?! Әйтпесе, өз халқын жек көретін азамат бола ма?! Халықтың жағдайы көтерілмейінше, некен-саяқ біреулердің селтеңдеуі, қарын тойғанына мәз болуы, мен ойлаймын, қазақ халқының барлығына бірдей өлшем бола алмайды. Кеңес үкіметі кезінде өкіметтің мойнында болдық. Қазір өзің қимылдамасаң, ештеме де жоқ. Тәуелсіздікке ештеңе жетпейді. Тәуелсіздіктің аты да, заты да жақсы. Бірақ оның талаптарына саймыз ба, бұл әлі үлкен сұрақ тудырады. Ол шешек атып гүлдеді ме, оны уақыт көрсетеді. Әлі ауымыз бен бауымыз толық еленіп, ескеріліп біткен жоқ. Не десек те, Тәуелсіздікті сақтап тұруымыз керек! Орыс, қытай, кәрістерді дос деп есептеймін, бірақ әр халық өз жағдайын күйттейді. Кеңестік кезеңде 700-ден аса мектептеріміз жабылды, ұлттық құндылығымыздың түбегейлі құрығанын айтпағанда, дініміз бен діліміздің, қазақ тілі мен үніміздің құрдымға кеткені белгілі. Бүгінгі күні тіл мәселесі үлкен проблемаға айналды. Тілді дамыту үшін агенттік құру керек, ананы-мынаны құру керек дейді. Мен ешқайсысына қосылмаймын. Демографиялық өсуіміз керек. Осыған жұмылуымыз қажет. Халқымыздың санын арттырсақ, пайыздық жағынан көбейіп, тіліміз өзінен өзі дұрысталады. Өйткені тілдік орта, тілдік қор пайда болады. Ол дами түседі. Қазақтың саны көп болса, жарты пайызы сөйлемей-ақ қойсын, орыстілді болсын, негізгі басым қазақша сөйлесе, қазақ тілі дамиды. Тілдік сапа, сан арқылы түзелетінін ескеруіміз керек. Ол үшін қыз-келіншектерімізге жағдай жасауымыз керек. Олардың ұрпақ табуына, көбеюіне, үйде отырып, жылы суға қолын салып, оған тиесілі айлығын алып, ұрпақ өрбіту үшін жағдай жасауымыз қажет. Халықтың көп болғандығы көп нәрсені шешеді деп есептеймін.
- Халыққа тілер тілегіңіз...
- Тәуелсіздікке не жетсін! Тәуелсіздік деген сөздің өзі ешкімге тәуелді, мәжбүр емес екендігімізді айқындап отыр. Осы мәжбүрліктен құдай сақтап, ел-жұртымыздың ниеті, ойындағысы орындалып, ертеңгі барар күндеріміз жарқын боп, ұрпағымыз мұңсыз, қамсыз, жақсы өмір сүрсе деп тілеймін. Біз Пайғамбар жасқа кеп қалдық. Жақсы ма, жаман ба өмір сүрдік. Келешек ұрпақты ескермеген сақалдан не пайда? Сақал ешкіде де бар, текеде де бар. Адам баласы ұрпағымен ғана мол деп есептеймін. Сол мол күндерге жете берейік. Тәуелсіздік бәрімізге құтты бола бергей! Жаңа жыл елімізге, халқымызға жаңа бақыт, жаңа жетістік, мол табыстар әкеле берсін деп тілеймін!
- Әңгімеңізге көп рахмет!