Тәуелсіздіктің 20 жылының ішінде Жамбыл облысында екі мыңға жуық спорт нысандары пайда болды

Шақырылғандар арасында - Лондонда өтетін Олимпиадалық ойындарға лицензия алған боксшы Ғани Жайлауов, әлем Кубогының жүлдегері атанған дзюдошы Ленария Мингазова, грек-рим күресі бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Жансерік Сәрсенбиев, дзюдо бойынша әлем чемпионатының жүлдегері Әзиз Қалқаманұлы және басқалары бар.
«Бүгін еліміздің басты ұлттық мерекесі - Тәуелсіздік күнінің қарсаңында мен сіздермен жоғары спорт жетістіктеріне жеткендеріңіз үшін ризашылығым мен алғысымды білдіру үшін кездестім», деді Қ.Бозымбаев. Өз сөзінде ол біздің елімізде спорттың мемлекет саясатындағы маңызды бағыттардың бірі екендігін атап өтті.
Аймақтың Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылының ішінде спорттағы жетістіктері туралы айта отырып, аймақ басшысы кейбір деректерді келтірді. «Спорт мектептерінің жабылған кездері де болған. 1996 жылы облыста небары сегіз спорт мектебі жұмыс істеген, ал енді біз қазір 1 812 спорт нысанының, оның ішінде 19 стадион, 499 футбол алаңы, 426 спорт залы, 868 спорт алаңдары жұмыс істейтінін мақтанышпен айта аламыз», - деді Қ.Бозымбаев.
Биыл Тараз қаласында әлемдік үлгілерге сай келетін Спорт сарайының құрылысы басталды. Оған 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. «Жалпы алғанда Спорт сарайының құрылысына 4,9 млрд. теңге қаржы жұмсаладыі», - атап өтті әкім.
Бұдан басқа, бүгінгі күні облыстағы тұрғындардың 18%-ы бұқаралық спорт түрлерімен қамтылған. «Келешекте бұл көрсеткішті 30%-ға дейін жеткіземіз», - деді ол.
Жыл сайын спорт саласын қаржыландыру өсіп келеді. 2010 жылы облыстық бюджеттен 2,3 млрд. теңге, ал биыл 3,2 млрд. теңге бөлінді, бұл 36 %-ға көп.
«Биылғы жылы әлем және Азия чемпионаттарында жамбылдық спортшылар 62 медальді жеңіп алды, оның ішінде 18 алтын, 21 күміс және 23 қола медаль бар. 13 спортшы әлем чемпионаттарының, ал 46 спортшы - Азия чемпионаттарының жүлдегерлері атанды», - деді Қ.Бозымбаев. Ол Тәуелсіздік жылдарының ішінде әлем және Азия чемпионаттарында 90 жүлдегер мен чемпион Жамбыл облысынан шыққандығын атап көрсетті.
«Спортшыларымыздың бұл жеңістерге қол жеткізуде өз тәрбиеленушілерін спорт шыңдарына жетелеген жаттықтырушылардың үлкен еңбегін ерекше атап өткім келеді», - деп түйіндеді Қ.Бозымбаев.