Тәуелсіздіктің символы - ақордалы Астана
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Осындай істі бастау менің маңдайыма бұйырды әрі мен осы істі бастадым! Қалың елім сеніп, соңымнан ерді. Мемлекет құруда да, Астана салуда да солай болды. Осыдан артық бақыт бар ма?». Мемлекет басшысы бүгінгі айбарлы да әсем Астанамыздың тікелей авторы - Нұрсұлтан Назарбаев бір естелігінде осылай деп толғанған еді. Шындығында, егемен ел, Тәуелсіз мемлекет атану да, сосын ешкімге жалтақтамастан ұлы істі қолға алып, өзінің дербес астанасын өзі таңдап, өз қолымен салу да зор бақыт. Ал осындай екі ұлы істе ең алдымен Елбасының ерлігі ерен. Өйткені, жұртшылық айтып жүргендей Тәуелсіздіктің ең зор тұлғасы Президент болса, Астана - Президенттің, Тәуелсіздіктің төл перзенті.
Өткен 19 жыл ішінде Астана қаласы Қазақстанның жаһандық брендіне айналып, дүниедегі ең әсем де, жас қала ретінде танылуда. Астана - жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жарқын бейнесіне айналып, Батыс пен Шығысты байланыстыратын алтын көпір болып үлгерді. 19 жыл ішінде Қазақстанның бас қаласы әлем таныған әсем қалалардың қатарына қосылып отыр. Шығыс пен батыстың айшықтарын қатар бойына сіңіріп, үйлесімді ұштастырған Астана Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналды.
Әйтсе де, қаланың қалыптасуы оңай болды ма? Бір қарағанда солай да секілді, өйткені Елорданы мұнай қаражаттарының арқасында салынды дейтіндер де табылады. Алайда Астана жылнамасына үңілсек осыдан жиырма жылдай бұрын бұндай батыл шешімдер қабылдау, оған жұртшылықты көндіру, көндіріп қана қоймай, соған елді ерте білу кез келген саясаткердің қолынан келе бермейтін шара екені анық. Тәуелсіздік қолға тиген алғашқы жылдары Қазақстан жұртшылығы аз қиыншылық көрмеді. КСРО ыдырап, жетпіс жыл бойы бір орталықтан басқарылып келген елдің келешегі бұлыңғыр болатын. Міне, осындай ел болудың алғашқы жылдарында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев республика астанасын Алматыдан басқа өңірге, оның ішінде орталыққа көшіру туралы мәселені көтерді.
Соның арқасында 1994 жылғы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім-қаулысы қабылданды. Ал бұл тарихи күнді Елбасы былай деп еске алатыны бар: «1994 жыл болатын. Кеңес Одағы ыдырап, күйреген тұс. Мемлекетте зейнетақыға, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы ретінде төлейтін ақша қалмаған еді, милицияның өзіне жалақы бірнеше айға дейін кешігіп жататын. Міне, осы тұста мен астананы Ақмолаға көшіру керек дедім. Өйткені, жаңа мемлекетте жаңа тірек керек болды, жаңа өсім нүктесі болуы тиіс еді. Ең ақыры бір нәрсені бастан-аяқ жаңадан бастау қажет болды. Ол 6 шілде күні болатын. Мен туған күнім екеніне қарамастан Парламентке келдім, өйткені менің ұсынысыммен ешкім де келіспеген, тіпті ондай ұсынысты қабылдамайтын да еді. Парламент сессиясында сөз сұрап, өзімнің туған күнімде қаулы қабылдауды өтініп, осы іске қатысты жобаны алға тарттым. Сонда бір сыйлы депутаттардың бірі сөз алды: «Тіпті егерде біз шешім қабылдаған күннің өзінде бұның бәрін салуға шамамен 30-40 жыл немесе одан да көп уақыт кетеді. Ал бүгін оның туған күні екен. Көтеріңкі, жақсы көңіл-күймен үйіне қайтсын, осы қаулыны қабылдайық» деді. Осылайша, менің туған күнімде тарихи шешім қабылданды да кетті». Міне, ел ордасын бүгінгі Астанаға көшірудің тарихы осылай басталған екен.
Бұдан кейін, 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі шықты. Соған орай Ақмолаға қарай ресми көштің басы 1997 жылдың күзіне қарай басталды. Осы жылдың 20 қазанында Президент Қазақстанның жаңа астанасы - Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. 1997 жылғы 8 қарашада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы Ақмола қаласына жеткізілді. Осы салтанатты шарада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев: «Барлық саяси шешімдер бүгіннен бастап осы қалада қабылданатын болады», - деп ресми жариялаған еді. Көп кешікпей, 1998 жылы Ақмола қаласының аты ресми түрде Астана болып өзгертілді. Елорда мәртебесіне ие болған қала осы уақыттан бастап туған күнін атап өтуді игі дәстүрге айналдырды. Жеті жыл қатарынан мереке 10 маусым күні тойланып келді. Уақыт озған сайын Астана күнінің маңыздылығы артып, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Сол себепті, 2006 жылы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес және қалалық мәслихаттың шешімімен мерекеге - Астана күні ресми атауы беріліп, ал оны атап өту алғашқы ресми шешім қабылданған күн - 6 шілдеге бекітілді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» енгізілген өзгерістерге сәйкес, 6 шілде - Астана күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. Міне, содан бергі кезеңде Алаш жұртының ару Астанасы төрткүл дүние тамсанатын, әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарыстырып, бой таластыра алатын бас қаласы ретінде қалыптасты. Тәуелсіз Қазақстанның елордасы жұмыр жерді толғандырған тақырыптар талқыланатын, салиқалы саясат, тұғырлы экономика, дінаралық келісім кеңестері өтетін жаһандық орталық дәрежесіне жетті. Соның айқын дәлеліне келсек, 2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана Саммитін өткізгелі бері Елорданың мерейлі мәжілістер өткізе алатын деңгейі қуаттала түскендей болды. Айбарымызды асқақтатқан Азиаданы қоспағанда халықаралық саяси һәм экономикалық маңызды мәселелер талқыға салынған жиындар, жоғары деңгейде халықаралық шешімдер қабылданған мәжілістер соның айғағы.
Бұндай әлемдік деңгейдегі айтулы оқиғалардың қатарына биылғы елорда төрінде өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін атаңыз. ТМД кеңістігінде, Орталық Азия аумағында алғаш рет өтіп жатқан халықаралық шара елорданың да, елдің де мерейін арттыра түсетіні ақиқат. ЭКСПО арқылы әлем Қазақстанды тағы бір қырынан танып, Астананың болашаққа ұмтылысын және бір бағамдайтын болады. Бұрын атын ғана естіп жүрген шетелдік туристер легі көрменің арқасында Астананы жақыннан танып, оның иесі - Қазақстан халқының бейбітшіл, кемеңгер де жайдары ұстанымын жақынырақ танитын болады.
Бір сөзбен айтқанда, Астана қазақ даласының ғана емес, күллі Орталық Азияның, Еуразияның да беделін алға сүйреп келеді. Ал ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі секілді жаһандық деңгейдегі шаралардың алдағы уақытта да өткізілуі елорданың даңқын да арттыра түспек. Расында, ЭКСПО халықаралық көрмесі байтақ қаламыздың көркін ғана емес, даңқын асыра түсерінде сөз жоқ. Мұндай ауқымды шараның өзі елорданың ертеңін күрт өзгерткелі тұр десек артық айтқандық емес.
Астана күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Н. Назарбаев та осы мәселеге ерекше назар аударып, сөз сөйлеген болатын. Онда Президент: «Астана ЕЫҚҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы алғашқы саммитін қабылдады, ЭКСПО дүниежүзілік көрмесінің 17-ші астанасы атанды. Мұнда әлемнің 57 ислам мемлекетінің көшбасшылары қатысқан конференция және Қазақстанды танымал еткен басқа да көптеген халықаралық форумдар өтті. Бұл - біздің астанамызды әлемдік қоғамдастыққа жоғары деңгейде танылуының көрсеткіші. Астана бүгінде болашаққа көз тігеді, қаланың даму қарқыны оны өмір сапасының жаңа стандарттарының үлгісіне, бүкіл Еуразия үшін инновациялық дамудың урбанизациялық моделіне айналдырады. Мұнда жаңа өндірістер іске қосылып, шағын және орта бизнес дамып жатыр. Қала инфрақұрылымы жақсаруда, жаңа мәдениет және демалыс нысандары ашылуда» деді. Елбасының айтуынша, бүгінгі елорда кез келген елде бар жақсы нәрсенің бәрін өзіне шоғырландыра отырып, нақты мемлекеттің өмірін бейнелейді. «Елорда - әрбір ұлттың ұстыны. Қазақстандықтар үшін Астана да осындай мегаполиске айналды. Жаңа елорданың негізін қалау Отанымыздың тәуелсіздік тарихының алтын парақтары болып саналады. Астана біз үшін - бірігудің, тұтастықтың, халқымыздың өз күшіне, ерекше мүмкіндіктеріне деген сенімінің рухтандырушы рәмізі. Астана рухы ғасырлық дәстүрлерді, даналықты, халықтың шығармашылығын, Қазақстан халқының өткенін, қазіргісі мен келешегін сабақтастырады. Біздің мемлекетімізде, экономика мен қоғамда тәуелсіздік жылдары болған түбегейлі өзгерістер елордамызда айнадағыдай көрініс тапқан», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, елорда қазіргідей күрделі уақытта да қарқынын түсірмей, қалған өңірлерді қолдап, бүкіл Қазақстанға сарқылмайтын күш-қуат беріп отыр. «Осы уақыт ішінде үлкен жолды артқа тастадық, көп нәрсе жасалды, бірақ жасайтынымыз әлі де көп. Біз бұған дайынбыз, ол үшін қажетті мүмкіндіктер мен құлшыныс бар. Астана біздің тәуелсіздігіміздің, дамудың шынайы көрінісіне, азаттық пен инновация рухына айналды. Қазақстандықтар үшін жаңа елорда, бұл - Отанымыздың жүрекке жақын, тартымды орталығы», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Тұтастай алғанда, Астана тарих үшін аз ғана жылдар ішінде биік белестерді бағындырып, ел экономикасын ілгерілететін қозғалтқышқа айналды. Ал жалпы Астананың даму философиясына келсек, Нұрсұлтан Назарбаев мүны өте анық және бейнелі түрде айқындап берген еді. «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық - Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар», - деген еді Елбасы бір сөзінде.
Ендеше, бүгінде қазақ елінің елордасы болуымен қатар халықаралық алқалы жиындардың да ордасына айналған, бейбітшілік пен татулықтың діңгегі саналатын Астанамыздың мерейі тасып, беделі асқақтай берсін деп тілейік!