Тәуелсіздіктің тұғыры берік болғай!
АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақ үшін желтоқсан айы ерекше қастерлі ай. Оның қастерлі болатын себебі ұлттық тарихымыздағы елдік мұраттарға ұмтылған ең ұлы өзгерістердің негізгісі осы айда орын алды. Кешегі Алаш қайраткерлерінің Орынборда қазақтың құрылтайын жасап, тәуелсіздікке ұмтылысты білдіретін Алаш ұлттық автономиясын жариялауы да осы желтоқсан айында көрініс тапты.
12 желтоқсан күні азат Алаш автономиясы дүниеге келіп, қазақтың жерінде туған мемлекет атауын алды, алты алаштың басын қосатын Ақ орда тігіліп, Алаш туы алғаш рет желбіреді. Алайда қасаң тағдыр бұл жолы қазақтың жолын ашпады. Әйтсе де қайсар халықтың санасындағы сілкініс 1986 жылы тағы және де тура сол желтоқсан айында қайталанды. 17-19 желтоқсан аралығында Алматыда алаштың ұландары КСРО-ның отаршылдық саясатын айыптап, әміршіл-әкімшіл жүйенің кесапатына қайсарлықпен наразылық танытты. Желтоқсан жастары ұлт санасының өскендігін байқатты. Кейіннен бүкіл қазақ даласына, одан соң кеңес одағының кеңістігіне шарпылған көтеріліс тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын қалап берді. Ал арада дәл бес жыл өтіп және де тура сол желтоқсан айында қазақ елі ұлттық тәуелсіздігін жариялады. Бұған қоса дәл осы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы өз тарихындағы тұңғыш Президентін сайлап, оны таққа көтерді. Мінеки, осындай желтоқсан айында қайталанып отырған ұлттық санадағы серпілісті зерделеген адам, бұл айдың нағыз қазақтың айы екендігін сөзсіз мойындар еді. Биыл сол сана сілкінісін туғызған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің 25 жылы, ал 1991 жылы 16 желтоқсанда азат қазақ елінің асқақ арманы орындалып, дербестігіміз жарияланған Тәуелсіздігіміздің 20 жылы!
Адамзат тарихына зер сала қарайтын болсақ, алмағайып замандарда өркениет сахнасына талай мемлекеттер шығып, соның кейбіреулері уақыт сынына шыдай алмай тарих қойнауына қайта сіңіп, жоғалып та кетіп жатты. Енді біреулері тағдырдың мүмкіндігін қалт жібермей, ұлттық мемлекет ретінде әлемдік өркениеттің көшіне қосылып та жатыр. Соның бірі - тәуелсіз Қазақ елі. Дегенмен, кешегі кеңес билеген 70 жылда, оның алдындағы орыс патшасының отарлау шырмауына маталған Қазақ еліне тәуелсіздік өзінен-өзі келе қалған жоқ. Ата бабамыздың ғасырлар бойы арман еткен егемен мемлекет құру жөніндегі ұлы миссиясы Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың жүргізген салмақты сарабдал саясатының арқасында жүзеге асты. 1991 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланған тұстан бастап, дүниеде алғаш рет қазақ ұлтының атымен аталатын жаңа, егемен мемлекет пайда болды.
Жалпы, қазақ ұлтының сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес мемлекет ретінде шаңырақ көтеріп, егеменді ел ретіндегі өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ үшін қандай да болмасын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы - Тәуелсіздік күні екендігі даусыз әрі бұл солай болуы да тиіс. Мінеки, ел болып өз тізгінімізді өз қолымызға алғанымызға, өзіміз билік айтып, тереземіз басқа жұртпен тең болғанына да 20 жыл. Осы жылдар ішінде ғасырларға бергісіз қыруар істер атқарылды. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ.
Дегенмен де, келер ұрпақ пен қазақтың болашағы енді қайталанбас тәуелсіздіктің, ұлттың осы асыл мұратқа қол жеткізуінің азапты да сезімге толы жылдарын, осындай ұлы күннен кейінгі мемлекетіміздің гүлдене түскен тағдырлы кезеңдерін мейлінше жадында сақтап өсуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда жыл өткен сайын қоғам ортасында тәуелсіздік рухы да арта түсуі қажет-ақ. Олай болатын себебі, қазір бастан өткеріп отырған адамзат тарихында осы бір қасиетті «тәуелсіздік», «егемендік», «бостандық» сөздерінің құны барған сайын артып келеді. Әлем елдері қаншама саналы, өркениетті ел болуға ұмтылғанымен де ұлттар арасында дербестікке өту, мемлекеттік тәуелсіздікті жариялау проблемалары тым тереңдей түсуде. Әлемде 6 мыңға тарта ұлттар мен ұлт тілдері бар екен. Ендеше сол ұлттың, олардың тілдерінің әрқайсысының тәуелсіз болуына құқы бола тұра, олар дербес емес. Тіпті сол 6 мың тілі бар жұрттың 192-і ғана БҰҰ деңгейінде мойындалып, өздерінің дербестігін айғақтап, басқамен терезесі тең дәрежеге көтеріліп отыр. Есесіне өз тәуелсіздігін таныта алмаған халықтар қаншама. Ал олардың бұл бағыттағы ұмтылысынан нәтиже шығару барған сайын күрделенген құбылысқа айналып отырғаны да белгілі.
Яғни, әділін айту керек, бүгінгі күні жаңа мемлекет құру, жаһандану заманында жаңа қалыпта өзін басқа елдермен тең ұстау, елдігін танытып, мойындату оңай шаруа емес. Бұл қай кезде де оңай дүние саналған да емес, бірақ қазіргі дәуірде қандай да болмасын ұлттың бұндай талпынысы күрмеуі қиын ең азапты үдеріс секілді көрінеді. Кешегі алып аумаққа әмірін жүргізіп тұрған кеңес одағының ыдырауынан жас тәуелсіз мемелкеттер пайда болды. ХХ ғасыр аяғында Еуропаның өзінде 15-тен астам Хорватия, Словения, Македония сияқты жаңа мемлекеттер пайда болды. Яғни, бүгінгі күні мемлекеттік идея көптеген ұлттардың аңсаған арманы мен мұратына айналып, пісіп жетіліп, қандай да болмасын нақты әрекеттерге итермелеуде. Жаңағы Еуропада шотландық, валлон, фламан, баск, каталондықтар өз алдына дербес, жеке мемлекеттілікті қалыптастыру үшін күресуде. Кейбір деректерге қарағанда, қазіргі таңда әлемде 200-ге тарта ел ұзақ жылдар бойы күрескенімен, өз тәуелсіздігімен таныла алмай отырған көрінеді. Ондай мемлекеттер өз тәуелсіздігін қорғауға бел шешіп күрескенді тоқтатпайды да. Дегенмен де, бұлардың болашақ «тәуелсіз» тағдыры туралы әзірше нақты пішіп белгілі бір пікір айтуға келмейтін мәселе.
Осыдан біраз жыл бұрын Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиында «Тәуелсіздік дегеніміз не және ол бізге не берді? Біз қандай болдық? Біздің нені сақтауымыз керек, неден арылуымыз керек? Ақыры біздің алдымызда не күтіп түр? Бұл сауалдардың күрделі болатын себебі, оларға қайтарылатын жауап біздің әрқайсысымызға, сөйте тұра біздің бәрімізге ортақ тағдыр біріктірген халыққа, Қазақстан азаматтарына арналуы керек. Біз өз қолымызбен тұрғызып жатқан елдің азаматтарына, біздің болашағымыз байланысты елдің азаматтарына арналып отыр», - деген еді. Саралап айтсақ, жаңағы Елбасы көтеріп отырған сауалдардың әрқайсысына жауапты тереңнен іздеу ләзім. Ал біздің бүгінгі егемендігіміз осы ұрпақтың алдыңғы өткен бабалардан ақылды немесе данышпан, тәуекелшіл, кемеңгер болғандығынан емес, қайта солардың сара жолдарын, рухани тірлігін мәңгі есте сақтап, атадан балаға өсиет ретінде қалдырудан келіп туындап отыр. Болашақ ұрпаққа жол сілтеп, еркіндіктің отын өшпестей етіп тұтатқандарды - ұлттық қайраткерлер мен батырларды дәріптеудің маңызы да сондықтан үлкен. Ендігі күні Елбасы айтпақшы, «біз нені сақтап, неден арылуымыз керек?» деген мәселенің өзектілігі де арта бермек. Өйткені, қазір жаһанданудың белең алған дәуірі. Бірқатар елдер бұл үдерісті мемлекет тәуелсіздігіне төнген қауіп ретінде де бағалайтындығы бекер емес. Сондықтан да, бұл бағытта сақтайтын да, арылатын да дүниелер жеткілікті. Осы тұрғыда белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері Амангелді Айталының «Жаһандану және ұлт мәселесі» жөнінде айтқан пікіріне тоқтала кеткен орынды көріп отырмыз. «Жаһандану заманында қазақтық дәстүрімізді сақтай біліп, Батыстың кейбір қағидаларынан үйренуге тура келеді. Қазақты дарақы мінезден арылту, қайта тәрбиелеу міндеті тұр. Бүгінгі жас ұрпақтың кейбіреулері өз еңбегімен табыс табуға, іскерлікке бейімделуде. Ақшаны мақсатқа сәйкес орынды жұмсау, дүние-мүліктің қадірін түсіну, еңбекті қасиет тұтатындар енді көбеюде. Байыған топтың, жаңа әкімшілік элитаның, кейбір іскер азаматтардың мінез-құлқы бөлек әңгіме. Олардың біразы Батыс құндылықтарын бойларына сіңірмей толыққанды адам болу қиын деген ойды ұстанады. Оларға сондықтан ұлттық құндылықтар да негізінен жат. Кейбіреулер адамдық мәртебені есеп-шотындағы қаржысымен өлшейді. Ұлттық мүддеге бейжай қарамайтын орта тап және ортадан төмендегілер. Олардың еңбегін бағалап, білімін жетілдіру, жұмыспен қамтамасыз ету - дүниешілдік пен дарақылық дертінен аман сақтаудың жолы. Ал қайыршы, ниеті азғындағандарға да ұлттық мүдде жат... Тәуелсіздік алған қазақ ұлтының ең нәзік, осал жері де ұлтының болашағы», - дейді А. Айталы. Сондықтан да, ұлттық мемлекет құру қаншалықты қиын болса, оны мәңгілік ету де оңай шаруа емес. Әлі де болса іс жүзіндегі экономикалық, саяси тәуелсіздікке бастайтын терең стратегиялы қағидаттар барынша орындалса игі. Осыдан біраз жыл бұрын Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесіп, ұлттық жаңғыру мен халқымыздың бәсекеге қабілеттілігі аясындағы келелі мәселелер бойынша сұхбат берген еді. Сонда Елбасы: «Біздің алдымыздағы үлкен міндеттің бірі - Тәуелсіздіктің толыққанды шежіресін жазу. Қазір Мемлекеттің жаңа тарихының институты құрылып жатыр. Ол институт осы жылдар ішіндегі қоғамдық процестерді терең ой елегінен өткізу, саяси саралау, тарихи таразылау тұрғысынан көп жұмыс атқаруы керек. Сонымен бірге біз Тәуелсіздіктің көркем шежіресін де жазуға тиіспіз. Бұл істе зиялы қауымның атқаратын ісі қыруар. Суреткердің басты парызы - өз дәуірінің жырын жырлау, мұңын мұңдау. Қазір болып жатқан өзгерістерді бәрінен бұрын қазіргі жазушылар жазып қалдыруы керек. Тәуелсіздік қолға тигелі бергі он жеті жыл заманды, қоғамды, уақытты ой елегінен өткізуге әбден-ақ жетіп жатыр», деді. Шындығында өткенін білмеген адам ұлтының қадірін қалай біледі. Қазақ тәуелсіздік жолында қандай жайды бастан кешірді, бүгінгі мемлекеттілікке қолы қалай жетті? Бұның барлығы болашақ ұрпақтың жадында болуы тиіс, сонда барып Тәуелсіздік тағылымдылығы арта түседі.
Сонымен қатар, бүгінгі әлемде қазақтардан саны әлдеқайда басым, бірақ солай болғанымен жеке мемлекеттігі жоқ, тәуелсіздікті тек қана аңсаумен өткізіп жатқан ұлттардың да бар екендігін айқын білеміз. Ендеше, егемен елдігіміз зор бақыт қана емес, сонымен қатар, бүгінгі және келер ұрпақ алдындағы ғаламат жауапкершілік, мұны әрқайсымыз жан жүрегімізбен сезінуге тиіспіз және бұл мәңгі жасайтын ұғым болып қала беруі шарт.