Тәуелсіз эколог Каспийдегі мұнай компанияларын жаппай тексеруді ұсынды

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаулық тәуелсіз эколог, «ECOJER» қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақ Каспийде балықтардың қырылуына қатысты пікір білдірді.

Тәуелсіз эколог Каспийдегі мұнай компанияларын жаппай тексеруді ұсынды
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, балықтардың өлуі — экологиялық апатты көрсетеді. Бірақ, жағалаудан алынған сынамалар дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін.

— Балықтардың бұлай қырылуы — теңізде бір ластанудың бар екенін көрсетеді. Теңіздің қай жерінде ластану болғанын анықтау үшін дәл сол жерде тексермесе, басқа жерден тексеру әрине дұрыс нәтиже бермейді. Сондықтан бұл жерде теңізде жұмыс жасап жатқан барлық компанияларға қатаң түрде бақылау жұмыстары жүргізілуі керек және ол бақылау жұмыстарына міндетті түрде тәуелсіз сарапшылар қатыстырылуы керек. Сонда ғана экологиялық апаттардың алдын-аламыз, — дейді тәуелсіз эколог. 

Еске салайық, өткен аптада Түпқараған ауданындағы Баутин және Аташ елді мекеніндегі теңіз жағалауынан қырылған балықтар табылды. Олардың арасында табан, қаракөз, шабақ және кефаль бар. 

«Qazaq balyk» Республикалық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Данияр Әкімжановтың айтуынша, ұсақ балықтардың қырыла бастағанына 2-3 жыл болған. Сонымен қатар, суда мекендейтін құстар да өліп жатыр. 

Тәуелсіз эколог Каспийдегі мұнай компанияларын жаппай тексеруді ұсынды
Фото: Kazinform

— Қырылып қалған қаракөз балықтардың кішкентайлары. Олар күзге дейін өсіп, үлкеюі керек еді. Сол кезде қаракөзді аулау маусымы басталады. Судаң, топырақтың сынама алды деп жатады ғой бірақ, ол жеткіліксіз. Себебін анықтау үшін нақты қадамдар жасау керек. Тәуелсіз экологтарды шақырып, тәуелсіз сынамалық талдау орталықтарына жіберіп, жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс. Елді мекендердің жағажайларын ғана тексеріп қоймай, аралдар бар, солтүстік, оңтүстік каспий бар бәрін тексеру керек, — дейді Данияр Әкімжанов. 

Бұған дейін, Маңғыстауда теңіз жағалауынан өлген балықтар табылғаны туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар