«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына қалай қатысуға болады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында 30 жасқа 3 млн теңгеден қаржы беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, конкурс екі кезеңнен тұрады. Алдымен өтінімдер қабылданып, қаралады. Кейін жобалар бағаланып, арнайы комиссия жеңімпаздарды анықтайды. Өтінімдер электрондық форматта арнайы Google-форма арқылы қабылданады. Сілтеме министрліктің ресми сайтында және ақпараттық ресурстарында жарияланады. Құжат қабылдау 21 маусымға дейін жалғасады.
Қатысушылар өтінім нысанын толтырып, қажетті құжаттарды қоса ұсынуы тиіс. Белгіленген мерзімнен кейін жіберілген өтінімдер қаралмайды.
— Конкурс қорытындысы бойынша жыл соңына дейін 30 адамға 3 млн теңгеден грант беріледі. Толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан және әлеуметтік желідегі парақшаларынан алуға болады, - деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар 2026 жылы өңірлерде жалпы сомасы 215 млн теңге болатын 184 грант беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты ҚР Үкіметінің қаулысымен 2021 жылы тағайындалды. Грант берудегі мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыру, жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау. Оның мөлшері мен санын Үкімет жыл сайын белгілейді.
Сондай-ақ бұған дейін волонтерлік бастамаларға арналған грант байқауы басталғанын жазғанбыз.