Таврия ауылында бір түнде жасалған бірнеше қылмыс ашылды
АСТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат - ШҚО ІІД Ұлан АІІБ криминалдық полиция бөлімінің полицейлері Таврия ауылында бір түнде жасалған бірнеше қылмысты ашты, деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі.
Түн жамылып белгісіз біреулер дәмханадан және азық-түлік дүкендерінен 20 мың теңге ақша, 16 дана телефонға ақша салу карточкасын және темекі ұрлаған.
Қылмыстың жасалу сипатына қарай бұл ұрылардың әккі еместігі айқын болды. Өйткені, олар азық-түлікке және басқа да құнды заттарға қол тигізбеген.
Жедел-іздестіру шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері Ақтөбе ауылының екі азаматына шықты, оның бірі кәмелеттік жасқа толмаған кезде ұрлық жасап, жауапкершілікке тартылған екен. Ұрлық болған күні бұл екі достың Ақтөбеден жұмысшылар таситын автобуспен келіп, бірақ кері қарай қайтпағандығын көрген. Аға жедел уәкіл Ринат Баширов, жедел уәкіл Серік Қыдырханов және Әсет Нағашыбаев күдіктілерге шыққан кезде, олар кінәсін толықтай мойындап, ұрланған заттардың тығылған жерлерін көрсетті. Аулалардың біріндегі моншаның төбесіне тығылған ұрланған заттар, ақша тәркіленіп алынды.
Ұсталғанның екеуі де көп балалы тұрмысы төмен отбасынан, - деп түсінік берді криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дәулет Жұмаділов.
Тергеу жүргізілуде. Ұсталғандарға ҚР ҚК 175-бабының 2-тармағы бойынша айып тағылды.