Таяу Шығыстағы дипломаттар қай жағдайда Қазақстанға қайтарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыс өңірінде елшілік қызметкерлері өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев мәлім етті.
— 10 мыңнан астам (Таяу Шығыстан) адамды шығардық. Сол елдерден өз еркімен кеткісі келгендердің барлығын Қазақстанға қайтардық. Әрине, Бірікке Араб Әмірліктерінде тұрып жатқан азаматтар бар және олар қалай шығатынын өздері қарайды. Алдағы уақытта қандай да бір қиындық болса, мемлекет көмектеседі, — деді Ермек Көшербаев Парламент Мәжілісінде тілші сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда министр аталған елдерден ел азаматтарын қайтаруға қомақты қаражат жұмсалуы мүмкін екенін еске салды.
— Осы орайда айтарымыз, аталған өңірге сапарды жоспарлау кезінде жақсылап ойлану керек. Себебі белгілі бір қиындықтар болуы ықтимал, — деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, аталған өңірден консулдық қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен балалары эвакуацияланған. Дипломаттардың өздері сол жерде қалады.
— Елшіліктерде тиісті қызметкерлер ғана қалды. Ахуал күрделене түссе, оларды да шығарамыз. Қазір қызметкерлер сол елдерде жұмысын жалғастырып жатыр, — деді Ермек Көшербаев.
Айта кетейік, бір апта бұрын Таяу Шығыстан Қазақстанға 9926 азамат эвакуацияланғанын жазған едік.