Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан газ бағасы күрт өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыста энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдардың күшеюіне байланысты бейсенбі күні мұнай мен табиғи газ бағасы күрт көтерілді.
Иран тарапынан аймақтағы энергетикалық нысандарға соққылар күшейіп, Катардағы сұйытылған табиғи газ (СПГ) өндіретін әлемдегі ең ірі зауыттардың біріне шабуыл жасалған.
Brent маркалы мұнай бағасы алдыңғы күнгі өсімін жалғастырып, 6%-дан астамға қымбаттап, барреліне 114 доллардан асты. Ал WTI маркалы мұнай бағасы бейсенбі күні 0,5%-ға өсіп, барреліне шамамен 96 доллар болды.
Еуропада табиғи газ бағасы бір күнде 16,7%-ға өсіп, ең жоғары деңгейде 25%-ға дейін жеткен. Жалпы, 28 ақпаннан, яғни қақтығыс басталғалы бері газ бағасы шамамен екі есеге артқан, деп жазады CNN.
QatarEnergy компаниясы сәрсенбі күні Рас-Лаффан СТБ хабы зымырандық шабуылдардан «айтарлықтай зақымданғанын» хабарлады. Халықаралық энергетикалық агенттік мәліметінше, Рас-Лаффан – әлемдегі ең ірі СТБ өндіру зауыты.
Айта кету керек, Рас-Лаффан әлемдегі сұйытылған газдың шамамен 25%-ын өндіреді. Оның 80%-ы Азияға жөнелтіледі, ал Пәкістан сияқты кейбір елдер қатарлық газға дерлік толық тәуелді.
Wood Mackenzie талдау компаниясының мәліметінше, Иран соққыларынан кейін Рас-Лаффан хабына келген зиян «әлемдік газ нарығының болашағын түбегейлі өзгертеді». Компания бейсенбі күнгі есебінде табиғи газ жеткізіліміндегі іркілістер екі айдан астам уақытқа созылуы мүмкін екенін атап өтті.
— Мұндай ұзаққа созылған газ үзілісі табиғи газ бағасының ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде қалуына себеп болады, — деп жазды Wood Mackenzie СПГ стратегиясы бөлімінің басшысы Кристи Крамер.
QatarEnergy 2 наурызда Иран шабуылынан кейін СТГ өндірісін тоқтатқаннан бері әлемдік СТГ жеткізілімі шамамен бестен бірге қысқарған.
Бұған дейін Израиль әлемдегі ең ірі газ кен орындарының бірі – «Оңтүстік Парс» кен орнына соққы жасаған болатын.