Таяу Шығыстағы жағдай аясында мұнай бағасы 100 доллардан жоғары сақталды
АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай бағасы жұма күнгі төмендеуге қарамастан, барреліне 100 доллардан жоғары деңгейде қалып отыр. Апта қорытындысы бойынша Brent және WTI маркалы мұнай бағасы Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан жеткізілімдердің үзілу қаупіне байланысты 8 пайыздан астам өсуі мүмкін, деп хабарлайды Reuters.
Brent мұнайының бағасы 3,02 долларға немесе 2,81 пайызға төмендеп, барреліне 104,61 доллар болды. WTI бағасы 2,43 долларға немесе 2,37 пайызға арзандап, барреліне 100,05 долларды құрады. Сауда барысында екі марканың да бағасы мамыр айының ортасынан бергі ең жоғары деңгейге жетті.
Бағаның төмендеуіне Ормуз бұғазы арқылы теңіз қатынасын уақытша реттеу жөнінде келіссөздер жүргізілуі мүмкін деген ақпарат себеп болды. Алайда нарық қатысушылары энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар мен мұнай жеткізілімдерінің одан әрі үзілу қаупіне алаңдап отыр.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, тамызда Сауд Арабиясындағы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 2,3 млн баррельге қысқарып, 6 млн баррельге дейін төмендеген. Бұл – соңғы 30 жылдан астам уақыттағы ең төмен көрсеткіш.
Сауд Арабиясының Ормуз бұғазын айналып өтіп, мұнай экспорттауға мүмкіндік беретін «Шығыс–Батыс» мұнай құбырының зақымданғаны туралы ақпарат та нарықтағы тәуекелдерді күшейтті.
Мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудегі іркілістер аясында АҚШ-та дизель отынының орташа бағасы алғаш рет галлонына 6 доллардан асты.
Сарапшылардың бағалауынша, аймақтағы теңіз қатынасына қойылатын шектеулер мен Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысындағы іркілістер дизель отыны мен басқа да мұнай өнімдерінің бағасын мұнай құнының өсу қарқынынан да жоғары деңгейде ұстап тұруы мүмкін.
Бұған дейін Мұнай бағасы алғаш рет 24 шілдеден бері барреліне 101 доллардан асқаны хабарланған болатын.