Таяуда Қазақстандағы алғашқы АЭС-ке атау беру комиссиясының шешімі жарияланады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин осы айдың аяғына дейін Қазақстандағы бірінші АЭС-тің атауы жарияланатынын мәлім етті.
Ғ. Серғазин 25 қыркүйектен 10 қазанға дейін байқауға өтінімдер қабылданғанын еске салды. Оған 27 мыңнанастам адам қатысты.
— Конкурстық комиссияның отырысы шешім жасап, айқындайды және егжей-тегжейлі хабардар етеді. Жақын арада жариялайды. Менің ойымща, осы айдың соңына дейін белгілі болады, — деді агенттік төрағасының орынбасары.
Еске салсақ, биыл қазан айының соңында Атом энергетикасы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елімізде салынатын бірінші Атом электр стансасының атауына қатысты 28 мыңнан астам ұсыныс түскенін мәлімдеді.
АЭС атауына қатысты ұсыныстарды қабылдау 2025 жылғы 10 қазан сағат 23:59–да аяқталды. Бастаманың басты мақсаты — болашақ станцияның тарихи, мәдени және ұлттық маңызын бейнелейтін атауды таңдау.