Тайфун Токиода 26 мыңнан астам үйді жарықсыз қалдырды
АСТАНА. KAZINFORM - «Чан-Хом» тайфуны Үлкен Токио аумағындағы 26,3 мыңнан астам үйді электр қуатынсыз қалдырды. Табиғи апат Жапонияның солтүстік-шығысындағы әуе және құрлық көлігі қатынасына да кедергі келтірді, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.
Ұлттық қоғамдық телеарнаның мәліметінше, табиғи апат салдарынан үш адам зардап шекті.
Тайфун өткен елді мекендерден ғимараттардың зақымданғаны туралы ақпарат түсіп жатыр.
Қатты жел үйлердің шатырларын жұлып әкетіп, көптеген ағашты құлатқан.
Жел екпінінің жылдамдығы секундына 35 метрге дейін жетеді.
Табиғи апат Жапонияның негізгі Хонсю аралының солтүстік-шығысындағы көлік қатынасына да әсер етті.
Токиодағы Ханэда және Нарита әуежайларында, Сендай әуежайында және бірнеше өңірлік әуежайда 100-ден астам ішкі және халықаралық рейс тоқтатылды.
Бірқатар жолаушылар пойызының қозғалысы да уақытша тоқтады.
Қалааралық автобус бағыттарының едәуір бөлігі де тоқтатылды.
Токио маңында жолаушылар тасымалдайтын паромдардың қозғалысы толық тоқтатылды.
Лаос тілінде тропикалық ағаштардың бірінің атауын білдіретін «Чан-Хом» тайфуны Хонсю аралын кесіп өтіп, Жапон теңізі аймағына шығады деп болжанып отыр.
12 тамыз түске дейін Жапонияның солтүстік-шығысында дауылды желмен бірге 180 миллиметрге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін.
Бұл көрсеткіш әдеттегі айлық жауын-шашын мөлшерінен жоғары.
Осыған байланысты билік су тасқыны мен көшкін қаупі бар екенін ескертті.
Kazinform үшін арнайы ТАСС серіктес агенттігі ұсынды.
Бұған дейін дауыл Өскеменде 25 мың тұрғынды жарықсыз қалдырғаны хабарланған болатын.