Тайсон Мейвезермен жекпе-жегінің қайда және қашан өтетінін жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Майк Тайсон Флойд Мейвезермен болатын жекпе-жегі келесі жылдың наурыз айында Африкада өтетінін растады, деп хабарлайды Kazinform

Майк Тайсон
Фото: sportrbc.ru

Танымал боксшылар арасындағы жекпе-жек туралы қыркүйек айында жарияланған болатын. Бірақ кездесудің өту-өтпеуі әсіресе Мейвезер 2026 жылы Мэнни Пакьяомен реванш өткізуді қарастырып жатқаны туралы хабарламаларға байланысты бірнеше ай бойы белгісіз болды. Дегенмен, Дублинде берген сұхбатында Тайсон жекпе-жекке арналған соңғы жоспарлары туралы баяндады.

- Ол наурыз айында Африкада өтеді. Бұл керемет жекпе-жек болады, ол барлық рекордтарды жаңартады және спорт тарихындағы ең ірі оқиғалардың біріне айналады, - деп мәлімдеді ол.

Тайсон жекпе-жектің өтпей қалуы мүмкін деген қауесеттерге қарамастан көрмелік жекпе-жекке дайындық жалғасып жатқанын, бірақ нақты күні мен орны әлі жарияланбағанын атап өтті.

Боксшылардың салмақ айырмашылығы 30 келіден (70 фунт) асатындықтан, жекпе-жек ресми болмайды. Тайсон 2024 жылы Джейк Полмен өткен жекпе-жегінде шамамен 104 келі (228,5 фунт) салмақта болды, ал Мэйвезер кәсіби рингке соңғы рет 2017 жылы шамамен 68 келі (149,5 фунт) салмақта шыққан. Спортшылардың екеуі де бұрынғы қалыптарынан алыс. Жекпе-жек кезінде Тайсон шамамен 60 жаста болады, ал одан 11 жас кіші Мэйвезер соңғы жылдары блогерлер мен шоу-бизнес тұлғаларымен көбіне көрмелік жекпе-жектер өткізіп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, қаржылық келісімдер жекпе-жекті ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды. Қолда бар мәліметке сәйкес, 48 жастағы Мейвезер келісімшартқа қол қойғаннан кейін айтарлықтай төлем алып үлгерген.

Бұған дейін әлемге танымал боксшы кіші Рой Джонс Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында Орталық Азия өңірінде кәсіби бокс инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ойларын, жас таланттарға танылу мен жетістікке жетуге көмектесу жоспарлары туралы әңгімеледі.

Соңғы жаңалықтар