Таза қала мен еңбек адамдары: кадр тапшылығы қалай шешіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM –Таза көше мен жинақы қала көрінісінің артында мыңдаған қызметкердің күнделікті еңбегі жатыр. Көшелерді күтіп ұстау, қоқыс жинау мен қалдықтарды басқару жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіледі. Алайда бүгінде салада кадр тапшылығы байқалады, мұнда әсіресе жастардың үлесі аз. Елорда тазалығы қандай жүйемен қамтамасыз етілген, цифрландыру қалай жүріп жатыр және маман тапшылығы мәселесі қалай шешілуде? Kazinform тілшісі мәселені зерделеді.
Тазалыққа салғыртпыз ба?
Астананың күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі ұйымдардың бірі – «Астана Тазалық» мекемесі. Бүгінде мұнда 1500-ден астам қызметкер мен 420-дан астам арнайы техника жұмыс істейді.
Қыс кезінде бір ауысымның өзінде 560-қа жуық техника жолға шығады. Әсіресе түнгі уақыттағы жұмыс маңызды. Өйткені көлік қозғалысы азайған шақта негізгі магистральдар тазартылып, қар шығарылып үлгеруі тиіс. Таңертең қала тұрғындары жұмысқа, мектеп пен балабақшаға еш кедергісіз жетуі керек.
Дегенмен мамандардың айтуынша, тазалық саласындағы ең күрделі мәселе техникада немесе ауа райында емес. Бұл жерде басты фактор – тұрғындардың тазалық мәдениеті.
– Қанша жерден тазаласақ та, егер тұрғындардың көзқарасы өзгермесе, мәселе толық шешілмейді. Кейде тазалап кеткен жерге қайтадан қоқыс тастап кететін жағдайлар кездеседі. Бұл жерде тек коммуналдық қызмет емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі маңызды, – дейді «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев.
Оның айтуынша, астаналықтардың басым бөлігі тазалыққа жауапкершілікпен қарайды. Алайда мәселе толық шешілді деуге әлі ерте.
– Біз бір кезде тәжірибе ретінде бір аумақты қысқа уақыт тазаламай көрдік. Сонда темекі тұқылы, балмұздақ қағазы, түрлі тұрмыстық қалдық жиналып қалды, – дейді мекеме басшысы.
Осы себепті коммуналдық қызметкерлер тазалықты тек шаруашылық емес, мәдениет мәселесі деп қарастырады.
– Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Астана – еліміздің бет-бейнесі. Әрбір адам осыны ескерсе дейміз, – дейді Альберт Есалиев.
Канаданың тәжірибесі тиімді
Бүгінде коммуналдық шаруашылықта заманауи технологиялардың рөлі артып келеді. Қала аумағы ұлғайған сайын барлық процесті нақты бақылау мен тиімді басқару қажеттілігі күшейді.
Осы мақсатта мекеме цифрландыруға басымдық берген. Нәтижесінде қағаз құжаттардың басым бөлігі электронды форматқа көшірілді. Электронды жол парақтары, GPS бақылау жүйесі, жанар-жағармай шығынын автоматты есептеу және медициналық тексерулерді цифрландыру жұмыс барысын ашық әрі тиімді еткен.
Арнайы бақылау құрылғылары техниканың қозғалысын толық қадағалауға мүмкіндік береді. Ал ол артық шығынның алдын алып қана қоймай, бюджет қаражатын үнемдеуге де ықпал етті.
Оның үстіне әлемде коммуналдық саланы цифрландыру қарқынды дамып келеді. Астана да халықаралық тәжірибені зерделеп отыр. Алайда кез келген технология жергілікті климатқа бейімделуі тиіс.
– Қазір коммуналдық саланы цифрландыру – әлемдік үрдіс. Бірақ Астананың ауа райы ерекше. Мысалы, Мәскеудегі кей технологиялар бізге сәйкес келмейді, себебі біздегі аяз әлдеқайда қатты.
Сондықтан климатқа сай технологиялар таңдалады. Мамандар Канада тәжірибесіне назар аударып отыр. Негізгі мақсат – «Астана Тазалықты» толық цифрланған заманауи мекемеге айналдыру, – дейді ол.
Бұл тәжірибеге басқа өңірлер де қызығушылық танытып отыр.
Қоқыспен күрес: 1200 тонна қалдық шығарылады
Қаланың тазалығы көшені сыпырумен шектелмейді. Ең күрделі бағыттардың бірі – қалдықтарды басқару.
Күн сайын Астанадан шамамен 1200 тонна тұрмыстық қалдық шығарылатынын білдік. Оның тек алтыдан бір бөлігі ғана сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберіледі. Қалғаны полигонға жеткізіледі. Мамандар мұның басты себебін тұрғындардың қалдықтарды дұрыс сұрыптамауымен байланыстырады.
– Қағаз, картон, полиэтилен, пластик секілді заттар тамақ қалдықтарымен араласқаннан кейін дымқылданып, сапасын жоғалтады. Сосын оларды қайта өңдеу үшін қабылдамайды, – дейді мекеме өкілдері.
Қазіргі таңда қалада қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтарды қабылдайтын жалғыз полигон жұмыс істейді. Оның өзі шамамен 70 пайызға толған. Полигонға экологиялық бақылау тұрақты жүргізіледі.
– Экологиялық зертханамен келісімшарт бар. Мамандар үш айда бір келіп, топырақ, су және ауаны тексереді. Қорытындысы бойынша Экология департаментіне есеп беріледі, – дейді жауапты мекеме өкілдері.
Дегенмен экологтардың пікірінше, ең тиімді жол – қалдықты қайта өңдеу көлемін арттыру. Ол үшін тұрғындардан бастап сұрыптау мәдениетін қалыптастыру қажет.
Қанша адам айыппұл арқалады?
Тазалық мәдениеті әлсіз жерде заңсыз қоқыс орындары да пайда болады. Сондықтан мұндай аумақтарды анықтау және жою жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр.
Мәселен, былтыр ғарыштық мониторинг нәтижесінде елорда аумағында 328 заңсыз қоқыс орны анықталған. Жыл соңына дейін олардың барлығы жойылып, 400 мың тоннадан астам қалдық шығарылған. Ал биыл 72 заңсыз қоқыс орны анықталып, оларды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Қаланы ластағандарға заң аясында жауапкершілік қарастырылған.
– ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 13 276 құқық бұзушы анықталып, 446 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. 505-бап бойынша 31 952 құқық бұзушыға айыппұл салынды. 344-бап бойынша 43 құқық бұзушы анықталды, – делінген ақпаратта.
Жұмысшы мамандарды қолдау тетігі
Қандай жүйе болса да оның негізінде адам еңбегі жатыр. Сондықтан бүгінде коммуналдық саладағы ең өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Қала тазалығын қамтамасыз ететін техникалар мен цифрлық жүйелер қаншалықты дамыса да, оны басқаратын білікті мамандарсыз нәтиже болмайтыны анық.
Әсіресе арнайы техника жүргізушілері мен жол жұмысшылары жетіспейді. Жастардың бұл салаға келуі баяу. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мекеме әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп отыр. Оның үстіне өткен жылы жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» да салаға қосымша серпін сыйлағаны байқалады.
Былтыр қызметкерлерге арналған 80 орындық жатақхана пайдалануға беріліп, 17 пәтер еңбек ұжымына табысталған. Бұдан бөлек «Отбасы банкпен» бірлескен бағдарлама аясында бірқатар қызметкерге тұрғын үй құнының 50 пайызына дейін өтейтін сертификаттар берілген.
– «Астана Тазалық» мекемесінен 13 млн 250 мың теңгенің сертификатын алдым. Бұл – пәтер құнының 50 пайызы. Мұны жұмысшы мамандарға үлкен қолдау деп санаймыз.
Салада жастар көп емес. Қазір олар мүмкіндікке қарайды. Ал мұндай әлеуметтік бастамалар салада жастардың үлесін көбейтеді, – дейді мекеме машинисті Сәулет Жорабекұлы.
Сонымен қатар қызметкерлерге медициналық сақтандыру, тегін жол жүру, балаларды лагерьлерге жіберу және спорттық қолдау секілді әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.
– Колледждермен меморандум жасалып, студенттерге өндірістік тәжірибе беру жолға қойылып жатыр, – дейді Альберт Есалиев.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр елімізде еңбекке қабілетті халық саны шамамен 9,6 миллион адамды құраған. Соның ішінде шамамен 2 миллион 300 мың адам жұмысшы мамандықтары бойынша еңбек етеді.
Бұл деректер жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орнын айқын көрсеткенімен, сала болашағы тек санға емес, сапаға да байланысты екенін аңғартады. Сондықтан алдағы уақытта басты міндет – тек кадр тарту емес, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, жастар үшін тартымды әрі заманауи еңбек ортасын қалыптастыруды жалғастыру.