«Таза қала» Шахтинскте: Жалғыз саябақ, ескірген үйлер мен ойын алаңдары
ШАХТИНСК. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасы Қарағанды облысының моноқалаларын аралауды жалғастырады. Бүгін жылына миллиондаған тонна көмір өндіретін кеншілер қаласы — Шахтинсктің тазалығы мен көркемдігі жөнінде жазбаша репортаж ұсынамыз.

Бағдарлама жүргізушілері екіге бөлініп, қаланың тазалығына қатысты ақпаратты зерттейді. Бірі жақсы, енді бірі жағымсыз тұстарын анықтайды және бар мағлұматты жинап, сарапшыларға тапсырады. Мамандар шешімді 5 критерийге сүйене отырып шығарады. Әрқайсысы 10 балдық жүйемен бағалайды.
84 жастағы қария ауланы күтіп-баптайды
Келер жылы Шахтинсктің қала болып қалыптасқанына 65 жыл толады. Мұнда төрт кен орны бар, онда 6 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Тұрғындардың басым бөлігі де кеншілер екені түсінікті. Жалпы шаһарда 40 мыңға жуық адам тұрады және мұнда табиғатқа бей-жай қарамайтын тұрғындар жетерлік.

Мәселен, қаладағы ең әсем ауланы 84 жастағы қала тұрғыны Михаил Николаевич жасап шыққан. Зейнеткердің 14 жылда күн тәртібі өзгермен. Таңмен таласа оянады. Алдымен ауланы суарады, топырақты қопсытады, арамшөптерін жұлады. Бұл істе көршілері де қолғабыс етеді. Ғажап сұлулықты қоршап, кілттеп қоюды да қаламайды. Әсем аула бүкіл Шахтинск тұрғындарының сүйікті аумағына айналған.

— 2011 жылдан бері ауланы көгалдандырумен айналысып келемін. Мұны өзім үшін деп айта алмаймын, қоғам үшін, балалар үшін, тұрғындар үшін дер едім. Олар осында келіп демалады. Әсіресе кешкі уақытта ауа райы қолайлы болады, — дейді қария.
Сондай-ақ, Шахтинсктің іргесінде 50 гектарға жететін орман бар. Кезінде жергілікті әкімдік осы аумаққа арнайы ағаш отырғызып, қолдан орман жасаған. Жергілікті жұрт жыл сайын бұл жерді қоқыстан тазартып тұрады және мұндай шараларға әсіресе жастар белсене атсалысады екен. Мысалы бүгін 100-ге жуық тұрғын арнайы келіп, алқапты тазалауға септігін тигізіп жүр.


— «Таза Қазақстан» акциясы аясында табиғатымызды аялау үшін, тазалық үшін осы алқапты жинауға келдік. Тұрғындардың тазалық мәдениеті жақсы деп ойлаймын, негізі Қарағанды облысы үлгі — тұтарлық өңір. Барлық жерде бізді ең бірінші тазалық пен мәдениетті сақтайтын қала деп есептейді. Сондықтан Шахтинск сол қалалар тізіміне кіреді, — дейді жастар орталығының мүшесі Әсем Ақанова.
Қала әкімдігі биылғы көктемнің өзінде қаланың 9,5 мыңнан астамы сенбілікке қатысып, өз аулаларын жинағанын, бұл ақпараттық жұмыстардың нәтижесі екенін көрсетіп отыр.
Жалғыз саябақ, ескірген үйлер, бос жатқан аумақтар
Шахтинсктегі Карл Маркс, 36 мекенжайында бірер жыл бұрын балаларға арналған ойын алаңын салуға қаржы бөлініп, мердігер тағайындалады. Бетон төсеп, бағаналарды қаққанда дүйім жұрт қуанып, бөркін аспанға атады. Бірақ жұмыс сол мезетте тоқтайды. Мердігер жауапсыз болып шығып, естелікке осындай «ескерткіштер» қалады.


Ал қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков ойын алаңдары мәселесі барша Шахтинскке тән екенін айтып ақталды.
— Жалпы Шахтинск бойынша 87 аулаға балалар алаңын орнату қажет. Биыл 10 ауланы абаттандыру басталды. Әрі қарай 77 аула жыл сайын кезекпен таяу жылдары шешіледі. Бағанасы ғана қалған алаңдар жақын арада салынып бітеді, — деп түсіндірді әкім.
Сонымен бірге, Шахтинскте жалғыз орталық саябақ бар. Аумағы төрт гектарға жететін саябақ кеңестік заманда ашылған және 2022 жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Қуантарлығы, мұнда даму ерекшелігі бар жандарға да жаттығулар жасауға жағдай жасалған.

Ал Бірінші шағын аудандағы үйлердің салынғанына келер жылы 70 жыл болады. Ауладағы арамшөптің өсіп тұрғанына да сонша уақыт болған сыңайлы. Күтімсіз, қараусыз. Одан өзге де мәселелері толып жатыр, шатыр жел тұрса ұшып кетуге, жаңбыр жауса су жіберуге дайын тұр. Мұны шешуі тиіс коммуналдық қызмет те атымен жоқ. Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков жеке үйлер болғандықтан бәріне өздері жауапты екенін айтты.

— Екіншіден, орталық көшелердің бойындағы үйлерді мемлекет тарапынан жөндеуге мүмкіндік бар. Бірақ орталықтан тыс жердегі тұрғындар үшін арнайы бағдарламалар қарастыруды сұрастырып жатырмыз, — деді әкім.

Қала эстетикасын айтқанда көзге түсетін тағы бір жайт — бос аумақтардың көптігі. Сүрілген үйлердің орны, қараусыз қалған көшелер мен үйлер бірден байқалады. Оның айналасын қоқыс жайлайтыны да заңдылық. Қаулап өскен арамшөп те қала құтын қашырып тұрғаны сөзсіз.

— Бұл жерді мемлекеттің меншігіне алу үшін тиісті құжаттарды дайындап жатырмыз. Кейін барлығын абаттандырып, балалар алаңын, спорт алаңын орнатуды жоспарлап отырмыз. Биыл құжаттарын дайындап, келесі жылы іске кірісеміз, — дейді қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков.
Прогресс байқалмайды — Сарапшылар
«Таза қала» жүргізушілері Шахтинск қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.
Бұл шығарылымда Астана қала құрылысын жоспарлау бөлімінің бас маманы Гүлдана Әбіш, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі Серік Рүстембеков, Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев төрелік етті.

— Қаланың деңгейі өте төмен екен, мысалы эстетикасына 0 қойдым. Көрінген жерде арамшөп өсіп жатыр. Бағдарламада мақтанышпен әдемі бір ауланы көрсетті, бірақ бұл бір ғана адамның еңбегі. Жаңа үй көрген жоқпыз, бұрынғы кеңестен қалған панельдер не болмаса төбесі тесілген, подьездері көріксіз үйлерді көрдік. Прогресс байқалмайды. Бір жерде ғана жаңа алаңды көрсетсе, ал екіншісі қирап жатыр. Мұндай қалаға жоғары баға қою мүмкін емес, — деді Серік Рүстембеков.
Өз кезегінде Гүлдана Әбіш Шахтинсктің жалпы таза екенін, адамдары да тазалықты сақтауға тырысатынын атап өтті.

— Бірақ эстетикасына 0 қойдым, өйткені ескірген үйлер көп екен. Оларды сүріп, орнына жаңадан заманауи үйлер салынуы керек деп ойлаймын. Абаттандыруға екі ұпай қойдым, негізі саябақтар жақсы жасалған, бірақ олардың санын көбейтіп, көгалдандыру керек. Велосипед жолақтарын салып, жарықтандыру керек. Жаңа жұмыс нысандарын салып, адамдарды жұмыспен қамту керек, — деді Гүлдана Әбіш.
Парламент депутаты Дәулет Мұқаев барлығы қаражатқа келіп тірелетінін, бірақ әр адам айналасын тазалықта ұстауы керектігін айтты.

— Бұл шығарылымда коммуналдық жүйе қызметін көре алмадым. Бір ғана ұнағаны, әкімнің өзі қаланың кемшін тұстарынан хабардар. Оларды шешуге қатысты жоспары да бар. Одан кейін халық та ең көрікті жерді сұрағанда не айтарын білмей, ойланып қалды. Халықтың мәдениетіне сәл де болса жоғарырақ ұпай бердім. Әрине елде көп нәрсе бюджетке, ақшаға келіп тіреледі. Бірақ таяқтың екінші ұшы да бар, әр адам өз айналасын таза ұстаса, әрине біздің еліміз де, қаламыз да, ауылымыз да, моноқаламыз да көркейетіні анық, — деді депутат.
Жалпы есепте Шахтинск қаласы 18 ұпай алып, Оралдың Ақсай қаласымен теңесті. Тізім басында Астана (28), екінші орында Теміртау (22), үшінші орында Лисаков (21), төртінші орында Рудный (20), бесінші орында Ақсай және Шахтинск (18) қалалары тұр. Сондай-ақ 16 ұпай алған Степногорск және Жітіқара қалалары алтыншы орында тұр. Жетінші орында — 14 ұпайымен Құлсары және ең төменгі орынға 10 ұпай алған Жаңаөзен қаласы жайғасқан.

Еске сала кетсек, «Таза қала» жобасы «Ең үздік әлеуметтік тележоба» номинациясы бойынша «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық сыйлығын жеңіп алған еді.

Үздік жоба биыл да екінші маусымымен қайта оралды. Бұл жолы түсірілім тобы моноқалаларға ерекше көңіл бөліп, еліміздің түкпір-түкпіріндегі экологиялық ахуалды тереңірек талдамақ. Тележоба аптасына 2 рет — дүйсенбі және сәрсенбі күндері сағат 19:30–да көрермен назарына ұсынылды.