«Таза Қазақстан»: Алматы көшелерінен күн сайын 150 тоннадан астам қоқыс шығарылады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда қала күні қарсаңында 9-13 қыркүйек аралығында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны және «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында көшелерді, қала инфрақұрылымын, аула аумақтарын, балалар алаңдарын, субұрқақтарды, өзендер мен су айдындары жағалауын, саябақтар, скверлер мен тау баурайын тазалау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіледі.

«Таза Қазақстан»: Алматы көшелерінен күн сайын 150 тоннадан астам қоқыс шығарылады
Фото: Алматы әкімдігі

Айта кеткен жөн, күн сайын қала көшелерінен 150 тоннадан астам қоқыс шығарылады. Магистральдық көшелер күніне екі рет, ал аудандық маңызы бар көшелер күнделікті тазартылады. Коммуналдық қызмет 56 жерасты және 78 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін, 1 765 аялдаманы, 480 бағдаршам нысанын, жарықтандыру құралдарын, көрсеткіштерді, туристік тотемдерді, қоғамдық дәретханаларды тазалайды.

«Таза Қазақстан»: Алматы көшелерінен күн сайын 150 тоннадан астам қоқыс шығарылады
Фото: Алматы әкімдігі

– Алматыда коммуналдық меншік иелігінде 66 субұрқақ бар, оның алтауы жөнделіп жатыр. 250 шаршы шақырымды құрайтын өзендер мен су қоймаларының жағалауы, саябақтар, скверлер мен тау бөктерлері де ретке келтіріледі. Апаттық жағдайдағы ағаштардың бұтақтарын санитарлық мақсатта кесу мен кесіп алып тастау жұмыстары жалғасады, - деп хабарлады әкімдіктен.

Алматы қаласы күні қыркүйек айының үшінші жексенбісінде атап өтіледі.

Еске салайық, бұған дейін Алматының «Алтын орда» базарында өрт шыққаны туралы жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар