Елімізде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы бекітіледі. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. 

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасы 7 бөлімнен тұрады
Коллаж: Kazinform

«Мемлекет басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып белгіленген тәртіппен 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді және бекітуді тапсырды. 15 қазан күні бұл концепцияны Үкімет мақұлдады, қазіргі кезде құжат бекіту сатысында тұр», - деді вице-министр «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы баспасөз мәслихатында.

Жомарт Әлиевтің айтуынша, тұжырымдама әуелі «Ашық НҚА» порталына орналастырылған. Осылайша қоғамдық талқылау үдерісіне жұртшылықтың толық қатысуына мүмкіндік жасалған. 

«Тұжырымдаманың іргетасы болып жоғары экологиялық мәдениетті және жауапкершілікті қалыптастыру, экологиялық білімді арттыру, сондай-ақ экологиялық саясатты ұтымды жүргізу саналады. Бұл іске еліміздің барлық тұрғыны атсалысуы керек. Тұжырымдама қазіргі жағдайды және халықаралық тәжірибені талдаудан бастап оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына дейінгі 7 бөлімді қамтиды. Бұл тұжырымдаманың негізгі бағыттары мен тәсілдерін құрылымдық тұрғыдан анықтауға мүмкіндік берді», - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі. 

Атап өтейік, Қазақстанда экологиялық мәдениетті дамыту 2024-2029 жылдар кезеңінде мынадай негізгі бағыттар бойынша іске асырылады: 

• экологиялық ойлау және мінез-құлық, соның ішінде ынталандыру және оларды көтермелеу шаралары; 

• экологиялық білім; 

• экологиялық білім және ақпараттық насихат. 

Әрбір бағыт бойынша тұжырымдаманы іске асыру бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігін мониторингілеуге және қажет болған жағдайда оларды түзетуге мүмкіндік беретін тиісті индикаторлар айқындалды.

Соңғы жаңалықтар