«Таза Қазақстан»: елордада жаңа буынға арналған Zara’s Planet экоквесті өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Астанада балаларды, ата-аналарды және еріктілерді экологиялық ойлау мен технологиялық кәсіпкерлік идеяларының айналасына біріктірген ерекше экоквест ұйымдастырылды.

«Таза Қазақстан»: елордада жаңа буынға арналған Zara’s Planet экоквесті өтті
Фото: Астана әкімдігі

Іс-шара Arsenal СОО-да қала әкімдігінің қолдауымен өтті. Ұйымдастырушысы — экология мен технологияның түйіскен тұсында білім беру жобаларын дамытып жүрген Global Green Hub компаниясы.

Іс-шараның басты кейіпкерлері — балалар. Олар тек ойынға қатысып қана қоймай, экоинженерлер сияқты ойлануға, экологиялық мәселелерді шешуге және өз идеяларын ұсынуға машықтанды.

елордада жаңа буынға арналған Zara’s Planet экоквесті өтті
Фото: Астана әкімдігі

Қатысушылар Зара, Мо және Т9 есімді кейіпкерлермен бірге квесттен өтуі қажет. Әр кезең баланың сыни, креативті және экологиялық ойлауын дамытуға бағытталған.

— Бүгінде балалар сұрыптау жүйесін және тұрақты дамудың негізгі ұстанымдарын тереңірек түсіне бастады. Бізде арнайы термин бар — экотехноойлау. Бұл — экологияны, технологияны және психологияны біріктірген авторлық ұғым. Мақсатымыз — өз экожобаларын жасап, іске асырудан қорықпайтын жаңа буынды тәрбиелеу, — деді Global Green Hub негізін қалаушы Әсел Сейфуллина.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, олар алдарына биік мақсат қойып отыр: кеңінен ойлай алатын, дәл әрекет ете білетін, елін жақсы жаққа өзгертетін саналы жаңа буынды тәрбиелеу.

елордада жаңа буынға арналған Zara’s Planet экоквесті өтті
Фото: Астана әкімдігі

Іс-шараға қатысқан кішкентай Дәулет пен Алина болашаққа сеніммен қарайды.

— Менің жасым бесте. Экоробототехника курсына барамын. Маған жобалау ұнайды, энергия көздері туралы білемін. Өскенде экоинженер боламын, — деді Дәулет.

елордада жаңа буынға арналған Zara’s Planet экоквесті өтті
Фото: Астана әкімдігі

— Мен бір жоба дайындадым — бөлмедегі ауаның тазалығын көрсететін гүл. Бұл жоба байқауға қатысуға көмектесті. Балалар үшін осындай экожобалар жасай алатын орындар көп болса екен деймін, — деді Алина.

Экологиялық шараны «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының еріктілері қолдады.

елордада жаңа буынға арналған Zara’s Planet экоквесті өтті
Фото: Астана әкімдігі

— Мұндай шаралар табиғатты аялауға, қоқысты сұрыптауға, ағаш отырғызуға және жай ғана жауапты адам болуға үйретеді. Бұл — тазалықтың денсаулық пен өзіңе, айналаңа деген құрмет екенін еске салатын жақсы мүмкіндік, — деді ерікті Асыл Ерғалиева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мемлекет қолдауының, ата-аналар мен балалардың азаматтық белсенділігінің арқасында Қазақстан экологиялық ойлауды дамытуда көшбасшы елге айнала алады.

Айта кетелік Астанада экобуккроссинг сөресі ашылды

Соңғы жаңалықтар