БҚО-да шағынаудан тұрғындары жол жоқтығын айтып шағымданды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Мичурин ауылдық округі Асан ауылында «Оңтүстік-Шығыс» шағынауданының тұрғындары қатқыл табанды жол жоқтығы жөнінде бейнежазба жариялады.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, жауын-шашынды күндері және қар еріген кезде жол балшыққа айналады. Соның салдарынан автокөліктер батып қалады.
- Шағынаудан тұрғындары автокөлікті шығару үшін арнайы техниканы (экскаватор) жалдап, күн сайын қосымша шығынға қалады. Оның шақыру бағасы – 20 мың теңге. Әсіресе, балалармен жағдай алаңдатады. Дұрыс жолдың жоқтығынан олар уақтылы мектепке бара алмайды. Бұл жерден жедел жәрдем көлігі де өте алмайды, - дейді тұрғындар.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимовқа хабарласқан еді.
Оның сөзіне қарағанда, аталған шағынаудан «Мар-Эль» шаруа қожалығының жеке аумағында орналасқан.
- Тұрғындар қожалықтан жер телімдерін сатып алған. Аталған шағынауданда 80-ге тарта үй, 11 таунхаус бар. 250-ге жуық адам тұрады. Жол жергілікті атқарушы орган теңгеріміне берілмеген және оның қызмет ету аясына кірмейді. Мемлекеттік актілерді тапсырғаннан кейін ғана аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жобалық-сметалық құжаттама жасайды. Содан кейін қаржының мүмкіндігіне қарай жол құрылысы қарастырылады, - деді М.Мусалимов.
Оның айтуынша, ауылдық округке кіретін Мичурин, Асан, Жером, Зеленый, Октябрь және Жамбыл елді мекендерінде барлығы 138 көше болса, соның 55-і ғана асфальтталған. Округ орталығы Мичурин ауылында 8 көшеге жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Қазіргі уақытта жол салу үшін республикалық бюджет есебінен қаржы күтіліп отыр.
- Ауылдық округте 12 800 адам тұрады, 3 228 аула бар. Мичуриннің өзінде 9 қабатты үш үй тұрғызылып жатыр. Орал қаласының бас жоспарына түзетулер күшіне енсе, Мичурин, Асан, Жером ауылдары облыс орталығының құрамына кіреді. Соңғы үш жылда аудан әкімі Марат Тоғжановтың қолдауымен ауылдық округ бойынша 28 шақырымға қатқыл табанды жол тартылды. Асфальт жол үлесі бұрын 18 пайыз болса, қазір 42 пайызға жетті, - деп қосты ауыл әкімі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қар суы ауылға кіреберіс жолды шайып кеткенін жазған едік.
Сондай-ақ Батыс Қазақстанда ауыл көшелерінің суға толғаны рас па, бұл туралы да хабарланды.