«Таза таулар» шарасы: Алматыда Шымбұлақ пен Мыңжылқы тау шатқалдарынан 3 тонна қоқыс жиналды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматының іргесіндегі «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайында дәстүрлі «Таза таулар» кең-көлемді қайырымдылық шарасы өтті. Оған биыл 1000-нан астам адам қатысты. Бұл рекордтық көрсеткіш.
None
None

«Бұл акцияны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - тау баурайларын өзіміз үшін, болашақ ұрпақ үшін қоқыстардан тазарту. Адамдарды тазалыққа, ұқыптылыққа баулу. Акция осымен төртінші рет өтіп жатыр. Биыл оған қатысқан қала тұрғындарының саны рекордтық көрсеткішке жетті - 1000-нан астам адам «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайының жарыс жолдарын, шатқалды, көрші Мыңжылқы шатқалын әр түрлі қоқыстардан тазартты. Күш-қуаты мол нағыз белсенді жастар «Мыңжылқы» метеостансасына дейін барып қайтты. Барлығы шамамен 10 газель автокөлігіне жүк болатын 3 тоннадай қоқыс жиналды», - деді өз сөзінде «Ассорти-Шымбұлақ» ЖШС бас директоры Алексей Савченко.

Сонымен қатар, ол акциядан соң, барлық қатысушыларға ыстық тамақ үлестірілгенін айтты.

«Біз бүгін осынша адам келеді деп ойлаған жоқ едік. Міне өзіңіз де көріп тұрсыз. Адамдар ұзын-сонар кезекте тұр. Дегенмен, барлықтарына ризашылығымызды білдіріп, оларға ыстық шай және дәмді палау үлестіріп жатырмыз», - деді А. Савченко.

Айта кетелік, «Таза таулар» қайырымдылық шарасы қаламызда осымен төртінші рет өткізілді. Алғашқы жылдары оған 100-ден сәл ғана астам адам қатысса, өткен жылы 400-ге жуық адам қатысты. Ал биыл 1000-нан астам қала тұрғыны табиғатты тазалау жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Акция таңғы сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін жалғасты.

Акцияға қатысушылар Медеу спорт кешенінен Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайына дейін аспалы жолмен екі бағытта тегін жүру мүмкіндігіне ие болды. Және олар қоқысқа арналған қаптар және қолғаптармен қамтамамсыз етілді.

Аталмыш шараны әдеттегідей «ASSORTI» мейрамханалар жүйесі Алматы қаласы әкімдігі және «Chimbulak Development» ЖШС қолдауымен ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар