TazaQala платформасы арқылы 865 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласында заңсыз қоқыс үйінділерімен күрес мақсатында жасанды интеллект элементтеріне негізделген «TazaQala» цифрлық платформасы іске қосылды.

Алматылық жас ғалымдар «Taza Qala» платформасын іске қосты
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Жоба «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алматы қаласы прокуратурасының бастамасымен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп әзірленген.

Платформа тұрғындарға қалдықтардың заңсыз төгілген орындарын анықтауға қатысып, қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосуға мүмкіндік береді.

Бүгінде жүйе арқылы 865 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 497-сі жойылып, 500 тоннадан астам қалдық шығарылған.

«Платформа жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, заңсыз қоқыс орындарын анықтау және оларды жою жұмыстарын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні жүздеген заңсыз үйінді анықталып, олардың едәуір бөлігі жойылды. Экологиялық талаптарды бұзу фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Бұл бастама қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған», – деп хабарлады прокуратура.

Ведомствоның мәліметінше, қалдықтарды басқару кезінде экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 3 және 5-бөліктері бойынша жергілікті атқарушы органдардың бірқатар басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

2026 жылғы 15 маусымнан бастап прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп рейдтік іс-шараларды қолға алған. Рейд қорытындысы бойынша абаттандыру қағидаларын бұзу, қоғамдық орындарды ластау, жасыл желектерді күтіп-ұстау талаптарын сақтамау және экологиялық заңнаманы бұзудың өзге де фактілері бойынша 100-ден астам әкімшілік хаттама толтырылған.

Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстары прокуратураның тұрақты бақылауында.

Айта кетейік, Шымкентте 18 заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды.