Тажалды тұсаулаған ерік-жігер: Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. ХХ ғасырдағы ең ауыр экологиялық апат аймағы қазақ даласына орны толмас қасірет, халықтың жүрегіне жазылмас жара салды. Қырық жылға созылған қару-жарақ жарысы соңында мыңдаған кемтер бала мен науқас тұрғын қалған болатын. Еліміз тарихтан қандай сабақ алды, ядролық қарусыздану Қазақстанға не берді? Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге тақырыпқа үңіліп көрді.

Семей полигони
Фото: gov.kz

«Невада–Семей»: талап пен тілек 

Семей полигоны әлемдегі ең үлкен ядролық сынақ алаңы еді. Қазақ даласында қырық жыл бойы жүргізілген жарылыстан 1,5 миллионнан астам адам зардап шекті. 18 млн гектар сынақ алаңында 456 рет дүмпу болып, радиациялық сәуленің салдарын халық әлі күнге дейін тартып келеді.

Кеңес одағы ыдырауға жақын қалған жылдары-ақ халық осы зияны басым алаңды жабуды сұрай басталды. Бұған дейін ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы көптің көкейіндегі сөзді саяси талапқа айналдырған болатын. Мұндай ұсыныс биліктің ядролық қарудан бас тартуға қатысты ұстанымымен астасып, көп өтпей нақты шешім қабылданды.

Осылайша, 1991 жылы 29 тамызда Қазақ КСР Президентінің жарлығымен Семей ядролық полигоны ресми түрде жабылды. Қазақстан бейбітшілік жолын үлгі етіп, өзге мемлекеттерге де үндеу жасаған болатын. 2009 жылы БҰҰ Қазақстанның ұсынысымен 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялады. Ал 2019 жылы Қазақстан Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні республикалық мерекелік даталар тізбесіне енгізді.

ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболаттың айтуынша, бұл тақырып қаншама қаузалғанымен, оның зардабы мен тарихи бағасы ұмытылмауы тиіс.

Бақытжан Темірболат
Фото: fnn.kz

– Семей полигонының жабылуы 40 жылдан астам уақытқа созылған ядролық сынақтар кезеңіне нүкте қойды. Дегенмен бұл шешімнің аса күрделі болғанын атап өткен жөн, өйткені ол Қазақстан әлі де КСРО құрамында болған кезеңде қабылданды. «Қырғи-қабақ соғыс» дәуірінде Кеңес Одағының басшылығы полигонды стратегиялық ядролық тепе-теңдік жүйесінің аса маңызды элементі ретінде қарастырды. Осы кезеңде халықтың бұлтартпас ерік-жігерінің жарқын көрінісін білдірген «Невада–Семей» қоғамдық қозғалысы шешуші рөл атқарды, – дейді маман. 

Қазақстанның атом саласының еңбек сіңірген қызметкері, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті Сұлтан Картоев сынақ полигонының жабылуын Қазақстан халқының бірлігінің нышанына балады. Сонымен қатар қозғалыстың бүгінгі міндеті тарихи жадты сақтау, тәжірибені жас ұрпаққа жеткізу деп түсіндірді.

– «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының азаматтық ұстанымы мен дәйекті мемлекеттік саясат нәтиже берді. 1989 жылы құрылған қозғалыс екі миллионнан астам қазақстандықты біріктіріп, ядролық сынақтарға қарсы және ядролық қарусыз әлем орнату жолындағы күрестің символына айналды, – деді Сұлтан Картоев.

Сұлтан Картоев.
Фото: semeytany.kz

Расында сынақ алаңы ауыр экологиялық және әлеуметтік-экономикалық зардап әкелді. Мысалы, аумағы 300 мың шаршы километрден астам жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылды, бұл көлемі жағынан Италия аумағымен шамалас. Семей ядролық сынақ полигоны аумағын қалпына келтіру жұмыстары бүгінге дейін жүргізіліп жатыр.

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қазір полигондардағы ластанған жердің аумағы - 833 мың гектар, ал шаруашылыққа пайдалануға жарамды аумақ - 997 мың гектар. Бүгінде Агенттік Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру жобасын қолға алған.

– Семей полигоны жабылғаннан кейін Қазақстан аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ядролық сынақтардың зардаптарын жою бағытындағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Осы жылдар ішінде сынақ инфрақұрылымының едәуір бөлігі жойылып, 18 мың шаршы шақырымнан астам аумақта кешенді радиациялық-экологиялық зерттеу жүргізілді. Бүгінде жинақталған тәжірибе елімізге ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық режимді нығайтумен қатар, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды дамытуға мүмкіндік береді, – деді Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин.

Тимур Жантикин
Фото: kaznu.kz

Қазақстан – ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш ел

Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан жаһандағы алғашқы мемлекет. Әлем елдері Қазақстанды антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде танып, мұндай тәжірибені қолданысқа енгізуге ниеттенгенін білеміз. Оның айқын мысалы, Семей полигоны жабылғаннан кейін әлемдегі басқа да ірі ядролық сынақ полигондары – Невада, Жаңа Жер, Лоб-Нор және Муруроа жұмысын тоқтатты. Осылайша, ядролық сынақтарға тыйым салу бастамасы жаһандық сипатқа ие болды.

Мемлекеттің бүгінгі бағыты да осы жолмен түйіседі. Қазақстан жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін үнемі еске салып, тіпті стратегиялық мақсат ретінде үлгіге айналдырған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тарту идеясын ілгерілетіп келеді.

проходныя зона өту аймағы
Фото: Әділет Беремкулов/ Kazinform

Сонымен қатар еліміз атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға және ядролық энергетиканы дамытуға мүдделі. Осы мақсатта халық атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдаған болатын.

Еліміздегі Жапонияның төтенше және өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса ядролық қарусыз әлем құруда Қазақстан мен Жапонияның үлесі басым деген пікірде.

– Жапония мен Қазақстан ядролық қарудың зардабын ортақ сезінді. Екі ел де ядролық қарусыз әлемге айналу жолында жетекші саналады. Бұл бағытта Қазақстан - Жапония үшін ең сенімді серіктестердің бірі. Екі елдің медициналық мекемелері, университеттері көптеген жыл бойы радиацияның әсерінен зардап шеккендерді емдеу саласында бірлесіп еңбек етуде. Жапония да бірнеше рет медициналық құрал-жабдықтар беру арқылы қолдау көрсетті, – деді дипломат.

Жапонияның төтенше және өкілетті елшісі Ииджима Ясумаса.
Фото: baq.kz

Ииджима Ясумасаның сөзінше, Жапония атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті. Атап айтқанда, Жапонияның Атом энергиясы агенттігі мен Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы және Ядролық физика институты арасындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды.

Мемлекет жәрдемі

Қазақстанда Семей ядролық полигонының зардабын шеккен аумақтарда туған азаматтарға түрлі өтемақы мен жеңілдік қарастырылған. Соңғы өзгерістерге сәйкес, Семей аумағы мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының полигонға жақын жатқан аудандары экологиялық апат аймағы ретінде танылған. Көмек көрсету механизмін біріздендіруге «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Заңы қолданысқа енгізілген.

Атап айтқанда, Заңның 5, 6, 7, 8 және 9-баптарында көрсетілген аймақтарда тұрған және тұрып жатқан азаматтарға ядролық сынақтардан келтірілген залал үшін өтемақы төленеді.

Ал біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы 1949-1990 жылдар аралығында радиациялық қатер аймақтарында тұрған азаматтарға төленеді. Төлем мөлшері адамның қай аймақта және қанша уақыт тұрғанына байланысты есептеледі.

жалақы
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Заңға сәйкес, бұл санаттағы азаматтарға әлеуметтік кепілдіктерді алу құқығын растайтын куәлік берілуі қажет. Куәлікті алуға 1949-1990 жылдар аралығында радиациялық әсерге ұшыраған аумақтарда тұрған азаматтар құқылы. Өтемақы алу үшін азаматтың белгілі бір кезеңде радиациялық қауіпті аумақта тұрғанын немесе жұмыс істегенін дәлелдейтін құжаттар талап етіледі.

Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен жандарға медициналық көмек те көрсетілетінін айта кетейік. Сынақтардан зардап шеккен аудандардың халқына тегін дәрілер мен арнайы медициналық тексерулер МӘМС және ТМККК шеңберінде қарастырылған.

Абай облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Марат Аленовтың айтуынша, облыста 2022 жылдан бастап «KARAGAILY» шипажайында жекелеген санаттағы азаматтар санаторий-курорттық емдеумен қамтылып келеді.

- Осы кезең ішінде Чернобыль апатынан және өзге де ядролық сынақтардан зардап шеккен 170 азамат емге жіберілді. Ядролық сәулеленудің салдарынан мүгедектік алғандар жылына бір рет 14 күндік шипажайлық ем алу құқығына ие. Семей ядролық полигонынан зардап шеккен мүгедектігі бар азаматтарға 9 мамыр — Жеңіс күніне орай 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде төлем жүргізілді, – дейді басқарма өкілі.

Жәрдем мұнымен шектелмейді. Зардап шеккен азаматтарға зейнетақыға қосымша үстемеақы бар. Жоғарыда атап өткен Заңның 5 және 6-баптарында көрсетілген аумақтарда тұрып жатқан және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтардың зейнетақыға аймақтар бойынша мынадай мөлшерде үстемеақы алуға құқығы бар:

  • төтенше радиациялық қауіпті аймақ бойынша — 2,09 АЕК.
  • ең жоғары радиациялық қауіпті аймақ бойынша — 1,83 АЕК.

Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін еңбек өтілі 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезең үшін есепке алынады. Еңбек өтілі еңбек кітапшасымен расталады. Ал еңбек кітапшасы немесе онда тиісті жазбалар болмаған кезде жұмысы туралы мәліметтерді растайтын құжаттар соттың шешімі негізінде белгіленеді. Осыған орай, Кодекстің 207-бабы 2-тармағына сәйкес — Төтенше және ең жоғары радиациялық қатері бар аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығында кемінде 5 жыл тұрған азаматтар:

  • ерлер — 50 жасқа толғанда;
  • әйелдер — 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Айта кетерлігі, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін жеңілдікпен есептеу назарға алынады. Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілде аралығы кезеңіндегі жұмыс және әскери қызмет үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шілдеден бастап 1992 жылғы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс және әскери қызмет бір жарым есе мөлшерде есептелінеді.