Тәжікстан экономикасы 8,2%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Тәжікстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 8,8 млрд АҚШ долларына жетіп, экономиканың өсу қарқыны 8,2%-ды құрады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.
Баспасөз мәслихатында Тәжікстанның Экономикалық даму және сауда министрі Абдурахмон Абдурахмонзода жаһандық және өңірлік күрделі сын-қатерлерге қарамастан, 2026 жылдың алғашқы алты айында ұлттық экономика оң өсім көрсеткенін айтты.
— Жалпы ішкі өнімнің нақты өсімі 8,2%-ды құрады. Оның көлемі 81,7 млрд сомониге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8 млрд сомониге артық, — деді министр.
Оның айтуынша, ұлттық экономиканың өсімі негізінен өнеркәсіп өндірісінің 14,1%-ға, ауыл шаруашылығының 7,2%-ға, ақылы қызмет көрсету көлемінің 10,6%-ға, инвестициялардың 18,4%-ға, тауар айналымының 26,1%-ға, жүк тасымалының 14,7%-ға және жолаушылар тасымалының 8%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген.
— Инфляция деңгейі 2,4%-ды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,6 пайыздық тармаққа жоғары. Осы кезеңдегі инфляция негізінен азық-түлік тауарлары бағасының 2,6%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының 1,7%-ға және қызмет көрсету бағасының 3,8%-ға өсуіне байланысты болды, — деді Абдурахмон Абдурахмонзода.
Бұған дейін хабарланғандай, 2026 жылдың алғашқы жартысында Тәжікстанда болған табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар ел экономикасына 52,8 млн сомони (шамамен 5,7 млн АҚШ доллары) көлемінде шығын келтіргені белгілі.