Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Тәжікстан, Иран және Ауғанстан бірлескен көлік дәлізін іске қосады

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан, Иран және Ауғанстан бірлескен автомобиль көлігі дәлізін іске қосу туралы келісімге келді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі хабарлады.

Тәжікстан, Иран және Ауғанстан бірлескен көлік дәлізін іске қосады
Фото: ҚТЖ

Тәжікстан Көлік министрлігінің мәліметінше, тиісті келісімге шілде айының ортасында Иранның Мешхед қаласында өткен үш ел өкілдерінің кездесуінің қорытындысы бойынша қол қойылған.

Жаңа көлік дәлізі Тәжікстан мен Иранның коммерциялық жүктерін Ауғанстан аумағы арқылы тасымалдауға мүмкіндік береді. Алғашқы сынақ жүк тасымалы алдағы бір ай ішінде жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл шекаралық, кедендік және көлік рәсімдерінің тиімділігін тексеруге, сондай-ақ тиісті қызметтердің өзара іс-қимылын бағалауға мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру үшін тұрақты жұмыс істейтін үшжақты жұмыс тобы құрылды. Ол ықтимал кедергілерді жоюмен, қол жеткізілген келісімдердің орындалуын бақылаумен және көлік бағытын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар әзірлеумен айналысады.

Болашақта бұл автомобиль көлігі дәлізін Орталық Азияның өзге елдері мен Қытайға дейін кеңейту жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Иран көлік-логистикалық терминал салу жөніндегі келісімге қол қойғанын жаздық.