Тәжікстан мен Қытай 8 млрд доллардан астам сомаға келісімшарттарға қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Бейжіңге мемлекеттік сапары аясында қытайлық компаниялардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі. 

Тәжікстан мен Қытай 8 млрд доллардан астам сомаға келісімшарттарға қол қойды
Фото:Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі

Тәжікстан басшысы баспасөз қызметінің мәліметінше, Эмомали Рахмон өз сөзінде қолайлы экономикалық ахуал мен екі елдің іскерлік орталары арасындағы сауда және инвестициялық ынтымақтастықтың нығаюын атап өтті.

Ол Қытайды Тәжікстан үшін сенімді және негізгі серіктес деп атап, республика экономикасына қытайлық инвестициялар көлемі шамамен 6 млрд долларға жеткенін, оның шамамен 3,5 млрд доллары — тікелей инвестиция екенін атап өтті.

Кездесу барысында ол елдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, қытайлық бизнесті Тәжікстандағы жобаларға белсендірек қатысуға шақырды. Гидроэнергетикалық әлеует, минералды қорлар, көлік дәліздерін дамыту, логистикалық орталықтар құру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге ерекше назар аударылды.

— Кездесу мен келіссөзден кейін Тәжікстан мен Қытай компаниялары арасында 50-ден астам ынтымақтастық құжатына қол қойылды. Олар Тәжікстанға 8 млрд доллардан астам инвестиция тартуға бағытталған, — деп хабарлады ТР президентінің баспасөз қызметі.

Осыған Тәжікстан Қазақстаннан 1,3 млн тоннаға дейін астық импорттауды көздейтінін жаздық.

Сондай-ақ өткен айда «Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Заң мақұлданғаны хабарланды