Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Тәжікстан–Ауғанстан шекарасында 1,5 тоннадан астам есірткі тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы жартысында Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында 1,5 тоннадан астам есірткі тәркіленді. Бұл туралы Тәжікстан Президенті жанындағы Есірткіні бақылау агенттігінің директоры Зафар Самад есептік баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

Тәжікстан–Ауғанстан шекарасында 1,5 тоннадан астам есірткі тәркіленді
Фото: Polisia.kz

Есірткіге қарсы ведомство басшысының айтуынша, биылғы алты айда Ауғанстанмен шекарада Тәжікстанның күштік құрылымдары мен ауғандық контрабандашылар арасында жеті қарулы қақтығыс болған. Соның салдарынан Ауғанстанның 17 азаматы қаза тапқан.

– Жалпы көлемі 1 тонна 513 келі есірткі тәркіленді. Заңсыз айналымнан алынған тыйым салынған заттардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 179 келіге азайды. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 1,6 тоннаны құраған болатын, – деді Зафар Самад.

Ол Тәжікстанның «Талибан» қозғалысының билігімен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласында ынтымақтастық орнатпағанын айтты.

Сонымен қатар келіп түсетін ақпараттарды талдау Ауғанстанда есірткі өсіру, өңдеу және өндіру көлемі, оның ішінде синтетикалық психотроптық заттарды шығару көлемі артып келе жатқанын көрсетіп отырғанын атап өтті.

Еске салайық, Ауғанстаннан Өзбекстанға дронмен есірткі өткізбек болғандардың әрекеті әшкереленген еді.