Тәжікстанда II Дүниежүзілік соғысының сегіз ардагері қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Жеңіс күні қарсаңында Тәжікстанда Екінші дүниежүзілік соғысының бар болғаны сегіз ардагері ғана қалды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі хабарлады.
Тәжікстанның Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің мәліметінше, қазіргі уақытта республикада 8 ардагер өмір сүріп жатыр. Бір жыл бұрын елде 17 ардагер болған.
Мерекеге санаулы күн қалғанда, 30 сәуірде Хатлон облысының тұрғыны, 100 жастағы ардагер Мирзо Гафуров қайтыс болды.
Жыл сайын Жеңіс күніне орай ардагерлерді әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі.
2026 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның шешімімен әрбір ардагерге 50 мың сомони көлемінде төлем беріледі.
Соғыс жылдары Тәжікстаннан 300 мың адам майданға шақырылып, олардың әр үшіншісі елге оралмаған. Сондай-ақ 45 мың еңбеккер тылдағы өнеркәсіп кәсіпорындарына жіберілген, бұл сол кездегі республика халқының үштен бірін құраған. 55 мың тәжікстандық жауынгер ордендер мен медальдармен марапатталып, 54 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Сонымен қатар 29 эвакуациялық госпиталь ашылып, онда дәрігерлер 50 мың жаралы солдатты емдеп, аяққа тұрғызған.