Тәжікстанда қар көшкіні мен тас құлау қаупі күшейді

АСТАНА. KAZINFORM – Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитеті ел тұрғындары мен қонақтарына алдағы күндері республиканың таулы аймақтарында, «Душанбе – Худжанд»  автожолының аумағында және Таулы-Бадахшан автономиялық облысының батыс аудандарында қар көшкіні мен тас құлау қаупі жоғары болатынын ескертті, деп  жазады  Ховар агенттігі.  

Тәжікстанда қар көшкіні мен тас құлау қаупі күшейді
Фото: pixabay.com

Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитеті тұрғындарды ұзақ сапарға шығудан, отын жинаудан, аң аулауға және балық аулауға барудан, сондай-ақ қар көшкіні қаупі бар аймақтарға барудан бас тартып, сақ болуға шақырады.

Бұған дейін Комитет жауын-шашын салдарынан Гиссар жотасының тауларында, сондай-ақ «Душанбе – Хорог», «Душанбе – Худжанд», «Душанбе – Лахш», «Хорог – Мургаб», «Хорог-Ишкашим» автожолдарында қар көшкіні ықтималдығы сақталатынын хабарлаған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, бір жыл бұрын 15-21 ақпан аралығында Тәжікстанда 200-ден астам қар көшкіні болған. Табиғи апат салдарынан кем дегенде 19 адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар