Тәжікстанда жалақы, зейнетақы және шәкіртақы өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстанда 1 қыркүйектен бастап жалақы, зейнетақы және шәкіртақы мөлшері көбейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.
Тәжікстан президентінің жарлығына сәйкес, мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелері қызметкерлерінің жалақысы 25%-ға өсті.
Басқа білім беру, ғылым, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету мекемелері қызметкерлері, сондай-ақ билік органдары және мемлекеттік басқару қызметкерлері, құқық қорғау органдары және әскери қызметшілердің жалақысы да 20%-ға ұлғайды.
Әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және жоғарыда аталған құрылымдардағы басқа да қызметкерлердің жалақысы мен тарифтік мөлшерлемелері де 20%-ға көбейді. Қатардағы жауынгерден лейтенантқа дейінгі әскери және арнайы атақтар үшін коэффициенттерді есептеуге арналған базалық жалақы 2002 сомони, ал аға лейтенанттан армия генералына дейін — 1800 сомони болып белгіленді.
Президенттік стипендияларды қоса алғанда, студенттерге берілетін қолданыстағы стипендиялар мен басқа да шәкіртақы 20%-ға өсті. Тек жоғары әскери оқу орындарының және Ішкі істер министрлігі академиясының курсанттарына берілетін стипендия мөлшері өзгермеді.
Сақтандыру, еңбек және әлеуметтік зейнетақылар, сондай-ақ оларға қосымша төлемдер 2025 жылға арналған инфляция деңгейін ескере отырып, бірақ кемінде 15%-ға индекстеледі.
Осыған дейін Тәжікстанда кедейлік деңгейі 83%-дан 19%-ға дейін төмендегенін хабарладық.