Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Тәжікстанда жыл басынан бері 2 мың алаяқтық фактісі тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында құқық қорғау органдары 2 мың алаяқтық фактісін анықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

Қазақстандықтарға әлеуметтік инженерияға негізделген алаяқтық туралы ескерту жасалды
Фото: Gov.kz

Баспасөз мәслихатында Тәжікстан Ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода республикадағы криминогендік ахуал туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы алты айында ел аумағында 11 731 қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,4%-ға аз. Ал қылмыстардың ашылу деңгейі 71%-ды құрады.

Министр алаяқтықтың елдегі ең көп таралған қылмыс түрлерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

— Биылғы қаңтар-маусым айларында республика бойынша 2 002 алаяқтық фактісі тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде мұндай 2 356 дерек болған. Осылайша, тіркелген алаяқтық фактілерінің саны 354 жағдайға немесе шамамен 15%-ға азайды, — деді Рамазон Рахимзода.

Ол құқық қорғау органдары алаяқтық қылмыстарының алдын алу және олардың бетін ашу бағытындағы жұмысты күшейтіп жатқанын айтты. Әсіресе заманауи ақпараттық технологияларды, ұялы байланысты және интернет-ресурстарды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтыққа ерекше назар аударылып отыр.

Сондай-ақ халық арасында профилактикалық жұмыстар жүргізуге, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жәбірленушілердің өтініштеріне жедел ден қоюға басымдық беріліп жатқаны атап өтілді.

Осыдан бұрын Тәжікстанда тойлар мен салт-жоралар туралы заңды бұзудың 700-ден аса дерегі анықталғанын жазған болатынбыз.